
Қарағанды облысының колонияларында заттарды заңсыз беруге қарсы рейдтер
Қарағанды облысының Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Қарағанды облысы және Ұлытау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті мекемелерімен бірлесіп, түзеу мекемелеріне тыйым салынған заттарды заңсыз өткізудің алдын алу және жолын кесу мақсатында кешенді рейдтік іс-шараларды тұрақты негізде өткізіп келеді. Аталған жұмыстар қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде және оларға іргелес аумақтарда қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге бағытталған жүйелі профилактикалық шаралардың маңызды бөлігі болып табылады. Рейдтер аясында алдымен жазасын өтеп жатқан азаматтармен түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Кездесулер барысында есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу, тыйым салынған заттарды сақтау мен таратудың құқықтық салдары, сондай-ақ құқыққа сай мінез-құлық қағидаттары кеңінен түсіндіріледі. Бұдан кейін арнайы дайындықтан өткен қызметкерлер тұрғын бөлмелерді, өндірістік және қойма үй-жайларын, сондай-ақ мекеме аумағын мұқият тексереді. Негізгі назар заңсыз жолмен жеткізілуі мүмкін заттарды анықтауға аударылады. Жүргізілген тексерулер нәтижесінде режим талаптарының сақталуы мен тәртіп деңгейінің жоғары екені расталды. Рейд қорытындысы бойынша заңсыз берілген заттарды сақтау немесе анықтау фактілері тіркелген жоқ.Бұл қабылданып жатқан шаралардың тиімділігін және құқық қорғау органдарының үйлесімді әрі кәсіби жұмысының нәтижелілігін айғақтайды.