Қарағанды облысында жолаушылар тасымалы күшейтілген бақылауға алынды: екі күнде 127 құқықбұзушылық анықталды

Қарағанды облысында жолаушылар тасымалы күшейтілген бақылауға алынды: екі күнде 127 құқықбұзушылық анықталды

Қарағанды облысында жолаушылар тасымалы күшейтілген бақылауға алынды: екі күнде 127 құқықбұзушылық анықталды

Қарағанды облысында жолаушылар тасымалы саласындағы тәртіпті күшейту мақсатында «Тасымалдаушы» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде. Ауқымды рейдтер 2026 жылғы 21–24 ақпан аралығында ұйымдастырылып, негізгі назар жолаушылар қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталды.
Алғашқы екі күннің қорытындысы бойынша патрульдік полиция батальонының қызметкерлері республикалық маңызы бар автожолдарда 127 құқықбұзушылықты анықтады. Тексеру барысында тасымалдаушылардың жол қозғалысы қағидаларын сақтау деңгейі, техникалық жай-күйі және қажетті құжаттарының болуы жан-жақты қаралды.
Жиі тіркелген заңбұзушылықтар қатарында:
- заңсыз тасымалдау қызметін жүзеге асыру;
- жолаушылар мен багажды тасымалдау талаптарын бұзу;
- техникалық ақауы бар көлік құралын пайдалану;
- көлік жүргізу кезінде ұялы телефон қолдану;
- қауіпсіздік белдігін тақпау фактілері бар.
Сонымен қатар қарсы бағыттағы жолаққа шығу және тиісті құжаттарсыз көлік басқару деректері тіркелді.
Қарағанды облысы ПД патрульдік полиция батальоны командирі Медет Нұрмұхановтың айтуынша, жолаушылар қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы бақылау шаралары жүйелі түрде жалғасады. Құқықбұзушылықтарға жол берген тұлғалар заң аясында жауапкершілікке тартылуда.
Қабылданған шаралар нәтижесінде бірнеше мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілері алынып, бірқатар көлік құралдары айып тұрағына қойылды.
Полиция өкілдері азаматтарды тек заңды, қауіпсіз және тексерілген тасымалдаушылардың қызметін пайдалануға шақырады. Жолаушылар тасымалы саласындағы тәртіп пен қауіпсіздік - құқық қорғау органдарының тұрақты бақылауында.