Қарағандыда студенттермен «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында кездесу өтті
Қарағанды қаласының Банк колледжінде «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру мақсатында облыстық прокуратура мен Полиция департаменті қызметкерлерінің студент жастармен кездесуі ұйымдастырылды. Іс-шараға сондай-ақ есірткі қылмысына және киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармаларының өкілдері қатысты. Кездесу барысында облыс прокурорының орынбасары Еділ Жұбанов пен Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Қуаныш Орынбетов сөз сөйлеп, құқық бұзушылықтың алдын алу бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Қуаныш Орынбетов өңірде есірткі қылмысына қарсы күрес бойынша жүргізіліп жатқан шараларды баяндады. Оның айтуынша, өткен жылы жедел іс-шаралар нәтижесінде облыс аумағында 5 есірткі зертханасы жойылған. Ал биылғы жылдың басынан бері 1 есірткі зертханасы мен 2 фитозертхана анықталып, олардың қызметі тоқтатылған. - Ең өкініштісі, есірткі қылмыстарына жастардың тартылуы алаңдатады. Сондықтан сіздерді мұндай заңсыз әрекеттерден аулақ болуға шақырамыз, - деді ол. Іс-шара аясында есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілдері студенттерге нашақорлықтың алдын алу бағытындағы бейнероликтерді ұсынды. Сонымен қатар департаменттің кинологиялық қызмет орталығы қызметтік иттердің есірткі заттарын анықтау барысындағы жұмысын көрсетті. Кездесуде киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі Абылай Жұманов интернет-алаяқтықтың алдын алу жолдары мен «дроппер» ұғымының қауіптілігі туралы ақпарат берді. Айта кетейік, жыл басынан бері жүргізілген жедел іс-шаралар нәтижесінде алаяқтарға банк карталарын заңсыз берген 10 дроппер анықталған. Олардың төртеуіне қатысты қылмыстық істер сотта қаралуда. Белгілі болғандай, ұсталғандардың басым бөлігі -студенттер. Осыған байланысты жастар арасында құқықтық түсіндіру жұмыстарын күшейту қажеттігі ерекше атап өтілді. -Бүгін бізге өте қажетті дәріс өтті. Полиция қызметкерлерінен өзімізге қажетті ақпарат алып, санамызға тоқып алдық. Есірткі қылмысының және интернет -алаяқтыққа қарсы ақпараттарды студенттер арасында бөлісіп отырамыз,-деді банк колледжінің екінші курс студенті Айсана Камбарова.