Қарағандыда массаж салонында «еліткіш газдың» заңсыз саудасы тоқтатылды

Қарағандыда массаж салонында «еліткіш газдың» заңсыз саудасы тоқтатылды

Қарағандыда массаж салонында «еліткіш газдың» заңсыз саудасы тоқтатылды
Қарағанды қаласында есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлінісінің қызметкерлері жергілікті массаж салондарының бірінде азот тотығын заңсыз өткізу дерегін анықтап, жолын кесті. «Еліткіш газ» атауымен белгілі бұл зат соңғы уақытта ойын-сауық мақсатында қолданылып, құзырлы органдар тарапынан ерекше алаңдатушылық тудырып отыр. Тінту барысында мекеме иелерінен азот тотығы толтырылған 10 литрлік екі баллон, сондай-ақ оны тұтынуға арналуы мүмкін әуе шарлары тәркіленді. Қарағанды облысының Полиция департаменті өңірде есірткі қылмыстарының алдын алу және жолын кесу бағытында «Заң және Тәртіп» қағидаты аясында жүйелі жұмыс жүргізуде. Негізгі басымдық есірткі құралдарын өндіру мен таратудың жолын кесуге, сондай-ақ күшті әсер ететін заттардың заңсыз айналымына қатаң бақылау орнатуға берілген. Осы мақсатта тұрақты рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылып, күмәнді нысандарға мониторинг жүргізілуде және мүдделі ведомстволармен өзара іс-қимыл күшейтілген. Сонымен қатар мұндай заттардың айналымын құқықтық реттеуді күшейту шаралары қабылдануда. 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап заңнамаға енгізілген өзгерістерге сәйкес күшті әсер ететін заттардың, оның ішінде азот тотығының заңсыз айналымы үшін қылмыстық жауапкершілік көзделген. Бұл түзетулер аталған заттарды бақылаусыз пайдаланудан туындайтын қауіптердің алдын алуға бағытталған. Қарағанды облысының Полиция департаменті ескертеді: күшті әсер ететін заттарды заңсыз әкелу, сақтау немесе өткізу әрекеттері қатаң түрде тоқтатылып, кінәлі тұлғалар заң талаптарына сәйкес жауапкершілікке тартылады. Азаматтардың денсаулығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету – полиция қызметінің басым бағыттарының бірі. Өңірдегі тұрақтылық пен әл-ауқатты қамтамасыз ету мақсатында осы бағыттағы құқықтық тәртіпті нығайту шаралары үздіксіз жалғасуда.