Бала жүрегінен шыққан баға: музейге деген шынайы ықылас
Қарағанды облысы Полиция департаментінің Еңбек және жауынгерлік даңқ музейі – өңір полициясының 44 жылдық тарихынан сыр шертетін тірі шежіре. Музей бүгінгі күні де келушілерін тәнті етіп, өткенге деген қызығушылықты оятудан танбай келеді. Жыл басынан бері музейге №4 және №6 мектептердің, №1 инновациялық лицей-интернатының, №45 гимназияның жас зерттеушілері келіп, тарихпен етене танысу мүмкіндігіне ие болды. Кітапшаға «Мен Аделинамын, маған өте ұнады!» деп жазып қалдырған екінші сынып оқушысы, кіп-кішкентай Аделинаның шынайы қуанышы музей сыйлаған әсердің айқын дәлеліне айналды. Бала жүрегінен шыққан бұл таза ықылас тарихтың кез келген жастағы адамға қызықты әрі қолжетімді бола алатынын көрсетеді. Айта кетерлігі, балаларды ертіп келген ата-аналар да экспозицияға ерекше қызығушылық танытып, музейге кейінірек, балаларсыз қайта келіп, тереңірек танысуға ниет білдірген. Әрбір көрме сөресі мен әрбір экспонаттың артында музей басшысы Айжамал Айтжанованың тынымсыз еңбегі мен өз ісіне деген зор сүйіспеншілігі жатыр. Оның мазмұнды, әсерлі әрі эмоцияға толы әңгімелері тарихты тірілткендей әсер қалдырып, келушілерге өткен оқиғалардың бір бөлшегіндей сезінуге мүмкіндік береді. Осындай жанашырлық пен жоғары кәсібиліктің арқасында музей тек жәдігерлер сақталатын орын ғана емес, өткен мен бүгінді тоғыстыратын, жаңа жетістіктерге шабыт беретін нағыз рухани кеңістікке айналып отыр.