
Қарағанды облысында «Қауіпті жүргізуші» іс-шарасы жалғасуда: басты мақсат - жолдағы қауіпсіздік
Қарағанды облысында жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру және жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында «Қауіпті жүргізуші» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Іс-шара басталғалы патрульдік полиция қызметкерлері шамамен 2500 жол қозғалысы ережесін бұзу дерегін анықтады. Қарағанды облысы ПД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Бағдат Какимовтың мәліметінше: - Ең жиі тіркелген құқықбұзушылықтар -көлік тізгінінде отырып мобильді телефон қолдану (461 жағдай), жүргізуші куәлігінсіз көлік басқару (91 дерек) және масаң күйде көлік жүргізу (46 жағдай). Қарағанды қаласында патрульдік полиция маршруттық автобусты тоқтатып, құжаттарын тексеру кезінде 32 жастағы жүргізушінің қыркүйек айында жүргізуші құқығынан айырылғаны белгілі болды. Автобус айыптұраққа қойылды.
Ал 35 жастағы тағы бір жүргізуші жолаушыларды заңсыз тасымалдаумен айналысқаны үшін ұсталды. Облыс бойынша осындай 11 заңбұзушылық фактісі анықталды. Сонымен қатар, багаж тасымалдау ережесін бұзудың 33 жағдайы тіркелді. - Бұдан бөлек, 30 жүргізуші қарсы бағыттағы жолаққа шығып, өзге көлік жүргізушілеріне қауіп төндірген. Ал 3 жүргізуші көлікті жалған мемлекеттік нөмірмен басқарған, - деп түйіндеді Б. Какимов. «Қауіпті жүргізуші» іс-шарасы әлі де жалғасуда. Полиция жол қозғалысына қатысушыларды ережені қатаң сақтауға, жолда барынша мұқият әрі жауапты болуға шақырады.