
Қарағанды облысында бір жыл бойы жол ережесін бұзбаған жүргізушілерге полицияның тосын сыйы
Қарағанды облысында жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлес қосқан тәртіпті жүргізушілерге ерекше құрмет көрсетілді. Патрульдік полиция батальонының қызметкерлері «Қауіпсіз жол» жедел-алдын алу іс-шарасы аясында бір жыл ішінде ешқандай құқық бұзушылыққа жол бермеген азаматтарға арнайы сый-сияпаттар табыстады.
Рейд республикалық маңызы бар Қарағанды–Астана тас жолында, Теміртау қаласының маңындағы терминалда өтті. Полиция қызметкерлері тоқтатқан әр жүргізушімен жедел профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, олардың мәліметтерін қызметтік планшет арқылы тексеріп отырды. Егер жүргізушінің жыл бойы бірде-бір жол ережесін бұзбағаны анықталса, оған көлікке қажетті қолайлы сыйлық ұсынылды.
Солардың бірі — Астанадан Қарағандыға жол тартқан «Chevrolet Cobalt» автокөлігінің жүргізушісі Олег Бюрков. Ол бір жыл ішінде жол ережесін бұзбағандардың қатарынан табылып, полициядан қар тазалайтын арнайы щетка алды. Күтпеген сыйлыққа қуанышын жасырмаған ол: «Мұндай тосын сый күткен жоқпын, өте қуаныштымын», – деді.
Ал жүргізуші Нұргүл Райсова көліктің терезесін қардан қорғайтын арнайы қапшыққа ие болып, полиция қызметкерлеріне алғыс айтып, барлық жүргізушілерді тәртіп сақтауға шақырды.
Патрульдік полиция батальоны командирінің орынбасары Сұңғат Абылқас жүргізушілерді ынталандыру шарасының басты мақсаты – жолдардағы тәртіпті нығайтып, құқық бұзушылықтың алдын алу екенін атап өтті:
«Қазір облыс аумағында “Қауіпсіз жол” жедел-алдын алу іс-шарасы өтіп жатыр. Патрульдік полиция қызметкерлері республикалық және облыстық маңызы бар тас жолдарда күшейтілген режимде қызмет атқаруда. Тәртіп бұзбаған жүргізушілерге шағын сыйлық табыстау – олардың заңға деген құрметін бағалау әрі өзгелерге үлгі ету», – деді ол.
Статистикаға сүйенсек, жыл басынан бері өңір жолдарында мас күйінде көлік басқару және медициналық куәландырудан өтуден бас тартудың 220 дерегі тіркелген. Сондай-ақ 73 жүргізуші жалған мемлекеттік нөмір қолданған, 53 адам көлік жүргізу құқығынан айырылса да рөлге отырған. Бұған қоса, заңсыз жолаушы тасымалдаудың 53 фактісі, жолдың қарсы бағытына шығудың 133 дерегі анықталған.
Полиция қызметкерлері мұндай профилактикалық шаралар тәртіп бұзушылықтың алдын алып, қауіпсіз жол қозғалысын қалыптастыруға оң әсер береді деп сенеді.