Ұрпақ сабақтастығы – кәсіби дәстүрдің кепілі
Қарағанды облысы Полиция департаментінде патрульдік қызмет ардагерлері мен жас мамандар кездесті. Қарағанды облысы Полиция департаментінің жауынгерлік және даңқ музейінде патрульдік қызмет ардагерлері мен жаңа буын тәртіп сақшыларының кездесуі өтті. Іс-шараның басты мақсаты – құқық қорғау саласындағы ұрпақтар сабақтастығын сақтау, жас мамандарға кәсіби тәжірибе мен рухани құндылықтарды дәріптеу болды. Кездесуге өңірдің қоғамдық қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісіне айрықша үлес қосқан полиция ардагерлері қатысты. Олардың қатарында патрульдік-бекеттік милиция ротасының командирінен бұрынғы Ленин аудандық ішкі істер бөлімінің бастығына дейінгі қызметтік жолдан өткен отставкадағы милиция полковнигі Владимир Бузук, милиция майоры Балтабай Қонқабаев және полиция подполковнигі Базарбек Құлтаев бар. Ардагерлер патрульдік қызметтің қалыптасу және даму кезеңдері, қызметтің алғашқы жылдарындағы қиындықтар мен жетістіктер жайында әсерлі естеліктерімен бөлісті. Олар өз тәжірибелері арқылы жас полицейлерге адалдық, жауапкершілік пен кәсібиліктің маңызын жеткізді. Кездесу барысында жас қызметкерлер ардагерлерге өз сұрақтарын қойып, олардың өмірлік тәжірибесінен құнды кеңестер алды. Мұндай шаралар жас буынның рухын көтеріп, қызметке деген сүйіспеншілікті арттыра түсетіні атап өтілді. Кездесу соңында Департамент басшылығының атынан ардагерлерге алғыс хаттар табысталды. Олардың құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға қосқан зор үлесі және жас мамандарды патриоттық рухта тәрбиелеудегі еңбегі жоғары бағаланды. Бұл шара полиция органдарында қалыптасқан дәстүрлердің сақталуы мен ұрпақтар сабақтастығының қоғам алдындағы қызметтің ажырамас бөлігі екенін айқын көрсетті.