
Ерлікке тағзым – ұрпаққа өнеге
Көкпекті ауылындағы мектепте батыр полиция қызметкері Қайрат Хомутовтың аты берілген «Жас сақшы» сыныбы ашылды
Бұқар жырау ауданына қарасты Көкпекті ауылындағы орта мектепте ерлікпен қаза тапқан полиция қызметкері Қайрат Хомутовтың есімін ұлықтауға арналған тағылымды іс-шара өтті. Батырдың құрметіне білім ордасында «Жас сақшы» сыныбы ашылды.
Салтанатты рәсім Қайрат Хомутов атындағы сыныпқа қабылданған 6 «б» сыныбының оқушыларының салтанатты түрде ант беруімен басталды. Болашақ сақшылар ел мен жер алдындағы жауапкершілікті сезіне отырып, адалдық пен тәртіпті ту етіп, Отанға қызмет етуге ант етті.
Іс-шарада облыстық Полиция департаменті жеке құраммен жұмыс басқармасының бастығы Абзал Саурамбеков сөз сөйлеп, жастардың бойында елге деген сүйіспеншілікті қалыптастырып, патриоттық рухта тәрбиелеуге үлес қосып жүрген мектеп ұжымына алғысын білдірді. Сондай-ақ ол департамент бастығының алғыс хаттарын мектеп әкімшілігіне табыстады.
– «Біздің мектебіміз 1964 жылы іргетасы қаланған. Бүгін біз ұрпақтар сабақтастығын жалғастырып, ерліктің мәңгілік өнегесін дәріптеу мақсатында жас сақшылар сыныбын ашып отырмыз. Бұл – жас буынның бойында ұлттық рухты көтеріп, заң мен тәртіпке құрмет сезімін қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам», – деді мектеп директоры Гаухартас Жамина.
Ант қабылдау рәсімінен кейін сыныптың лентасы қиылып, есімі ел жадында қалған полиция аға лейтенанты Қайрат Хомутовтың рухына тағзым етілді. 2001 жылдың 9 мамырында қаруланған қылмыскерлерді ұстау кезінде қаза тапқан ержүрек полицейдің ерлігі жас ұрпаққа үлгі болып қала бермек.
Жас сақшылар сыныбының оқушылары енді сабақтан тыс уақытта ішкі істер органдарының қызметімен танысып, тәртіп сақшыларының жауапты еңбегі жайлы машықтану сабақтарын өткізетін болады.
– «Мен үшін бұл күн ерекше. Бүгін мен ант қабылдап, болашағымды полиция қызметімен байланыстыруға шешім қабылдадым. Бұл – менің өмірімдегі үлкен жауапкершілік пен мақтаныш сәті», – деді жас сақшы Сағындық Құрмантай.
Салтанатты шараға батырдың жары – Гүлнар Төлепқызы қатысып, жұбайының есімін ұлықтап, оны ұмытпай, ерлігін кейінгі ұрпаққа үлгі еткен қауымға шынайы алғысын білдірді.
– «Елім мен жерім Қайраттың ерлігін ұмытпады. Оған деген құрмет – біздің балаларға, болашақ ұрпаққа бағытталған сенімнің белгісі», – деді ол тебірене.