
Қарағанды қаласында бірқатар ұрлықтардың беті ашылды: полиция күдіктіні ұстады. Қарағанды қаласының Оңтүстік-Шығыс полиция бөлімшесіне 44 жастағы жергілікті тұрғыннан гаражынан велосипед ұрланғаны жөнінде арыз түсті. Белгісіз тұлғалар гараждың есігін бұзып кіріп, жәбірленушіге тиесілі мүлікті алып кеткен. Залал сомасы 57 мың теңгені құрады. Сол күні тәртіп сақшыларына осы ауданнан тағы бір ұқсас хабарлама түскен. 71 жастағы әйел көрші көшеден гаражының бұзылғанын, автокөлігінің айдап әкетілгенін және үйінен алтын әшекейлердің жоғалғанын хабарлаған. Полицияның жедел іс-қимылының арқасында ұрланған автокөлік қылмыс орнына жақын маңнан табылды. Алдын ала мәлімет бойынша, келтірілген жалпы залал мөлшері 500 мың теңге шамасында. Жедел-іздестіру шаралары барысында полицейлер 31 жастағы Қарағанды тұрғынын анықтап, ұстады. Күдіктіден қылмысқа қатыстылығын дәлелдейтін айғақтар тәркіленді. Қазіргі уақытта аталған деректер бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.