Үлгілі қызметі үшін: Республика күні қарсаңында Қарағанды облысында үздік полицейлер марапатталды
Қарағанды облысында Республика күніне орай ішкі істер органдарының үздік қызметкерлерін марапаттау салтанаты өтті. Іс-шара Полиция департаментінде ұйымдастырылып, өз міндетін адал атқарып, кәсіби біліктілігі мен ерлігімен ерекшеленген қызметкерлердің еңбегі лайықты бағаланды.
Жиынды облыстық Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Әбіл Әбілдин ашып, тәртіп сақшылары мен ардагерлерді Республика күнімен құттықтады.
-Бұл күн - еліміздің тарихындағы ерекше мереке. 1990 жылы қабылданған мемлекеттік егемендік туралы Декларация Қазақстанның тәуелсіздікке бастаған алғашқы қадамы болды.
Сол сәттен бастап халқымыз өз тағдырын өзі айқындап, тәуелсіз, қуатты мемлекет құру жолына түсті.
Қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – мемлекет тұрақтылығының негізгі тірегі. Осы бағытта қажырлы еңбек етіп жүрген әрбір полиция қызметкері мен ардагерге зор ризашылығымды білдіремін. Сіздердің адал қызметтеріңіз, ел алдындағы жауапкершіліктеріңіз - қоғам сенімінің кепілі, - деді Әбіл Әбілдин.
Мереке қарсаңында барлығы 253 полиция қызметкері марапатталды. Оның ішінде:
2 қызметкер – жоғары мемлекеттік наградалармен,
41 қызметкер – Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің бұйрығымен,
205 қызметкер - Қарағанды облысы Полиция департаменті бастығының бұйрығымен марапатталды.
Сонымен қатар, полиция қызметінің дамуына үлес қосқан 30 ішкі істер органдарының ардагеріне алғыс хаттар табыс етілді. Ал құқық қорғау саласында абыройлы қызмет етіп жүрген ұл-қыздарын тәрбиелегені үшін 50 қызметкердің ата-анасына департамент бастығының атынан алғыс білдірілді.
Салтанатты рәсім мерекелік концертпен жалғасып, қатысушыларға көтеріңкі көңіл-күй мен патриоттық рух сыйлады.