Қарағанды облысында мас күйде мопед жүргізген азамат ұсталды

Қарағанды облысында мас күйде мопед жүргізген азамат ұсталды

Қарағанды облысында мас күйде мопед жүргізген азамат ұсталды. Қарағанды облысында «Құқықтық тәртіп» жедел-алдын алу іс-шарасы барысында патрульдік полиция батальонының қызметкерлері республикалық маңызы бар автожолда мас күйде мопед жүргізген азаматты анықтады. Тәртіп сақшылары 44 жастағы жүргізушіні Қарағанды–Жезқазған бағытындағы тасжолда тоқтатқан. Тексеру кезінде ер адамнан ішімдіктің иісі сезілген. Медициналық сараптама оның масаң күйде болғанын растады. Сонымен қатар, оның мопед басқаруға құқығы жоқ екені белгілі болды. Аталған факті бойынша әкімшілік материалдар жинақталып, сотқа жолданды. Патрульдік полиция батальонының командирі Медет Нұрмұхановтың айтуынша, жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында мопед пен мотоцикл жүргізушілеріне тұрақты түрде түсіндіру және профилактикалық жұмыстар жүргізіледі. – Жыл басынан бері мотокөлік жүргізушілерінің жол қозғалысы ережелерін бұзуы салдарынан 30 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 7 адам көз жұмды. Оның ішінде мас күйінде көлік жүргізгендердің кінәсінен 4 жол апаты орын алып, 4 адамның өмірі қиылды. Биыл облыс аумағында мотокөлікті мас күйінде басқарған 10 жүргізуші ұсталды, соның бесеуін біздің батальон қызметкерлері республикалық маңызы бар жолдарда анықтады. Сондықтан барлық жүргізушілерді заңды сақтау мен өз қауіпсіздігіне бейжай қарамауға, мас күйде көлік тізгініне отырмауға шақырамын, – деді Медет Нұрмұханов. Полиция департаменті жол қозғалысына қатысушыларға қырағылық танытып, ішімдік ішкен күйде көлік басқармау қажеттігін ескертеді.