
Қарағанды облысында «Таза Қазақстан» аясында тазалық пен тәртіпті сақтау бойынша кең ауқымды науқан жүргізілуде. Қарағанды облысында санитарлық нормалар мен абаттандыру ережелерін сақтау мақсатында ауқымды экологиялық шаралар қолға алынды. Бұл жұмыстар республикалық «Таза Қазақстан» бастамасы аясында облыстық полиция департаментінің ұйымдастыруымен жүзеге асырылып келеді. Жыл басынан бері өңірде 32 мыңнан астам құқық бұзушылық тіркеліп, бұл көрсеткіш экологиялық мәдениетті арттыру мен заң талаптарын сақтау мәселесінің өзектілігін айқындап отыр. Кәсіпорындар мен ұйымдарға бақылау күшейтілді Полиция қызметкерлері абаттандыру ережелерін бұзған нысандарды анықтау бойынша жүйелі рейдтер жүргізуде. Нәтижесінде 1500-ден астам әкімшілік хаттама толтырылып, жауапты тұлғаларға жалпы сомасы 18 миллион теңгеден асатын айыппұл салынды. Ереже бұзғандар қатарында ірі сауда орталықтары мен дүкендер, шағын дәмханалар, жанармай бекеттері және құрылыс нысандары бар. 472 стихиялық қоқыс алаңы жойылды Жүргізілген шаралардың нәтижесінде қоршаған орта мен тұрғындардың денсаулығына қауіп төндірген 472 рұқсатсыз қоқыс үйіндісі жойылды. Рұқсат етілмеген қалдықтар орнын анықтау үшін полиция заманауи бейнебақылау жүйелерімен жабдықталған дрондарды белсенді қолдануда. Тұрғын аумақтардың абаттандырылуы – басты назарда Аулалар мен кіреберістердің тиісті күтімін қамтамасыз етпеген 36 КСК (ОСИ) төрағасы мен 14 үй старшинасы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Сондай-ақ, аумағын қоршамаған және қоқыс жинауға жол берген 20 жер иесіне бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді. Белгіленбеген орындарға қалдық төккен 74 жүргізушіге қатысты шаралар қабылданды. Олардың көліктері айыппұл төленіп, ластанған аумақ тазартылғанша айыптұраққа қойылды. Тек соңғы апта ішінде облыс аумағында 500-ден астам құқық бұзушылық анықталып, 4 жүк көлігі мен 33 жеңіл автокөлік ұсталды. Полиция департаменті өңір тұрғындарын қоғамдық орындарда тазалық пен тәртіпті сақтауға шақырады. Қоршаған орта – баршамыздың ортақ үйіміз, оны қорғау әр азаматтың азаматтық борышы екенін естен шығармаған жөн.