Қарағандыда заңсыз қоқыс төгу дерегі анықталды. Қарағанды қаласында полицейлер тұрмыстық қалдықтарды заңсыз шығару фактісінің жолын кесті. Михайлов полиция бөлімінің учаскелік инспекторлары аумақты жоспарлы тексеру барысында жүк көлігін тоқтатып, жүргізушінің рұқсатсыз қоқыс төгіп жатқанын анықтады. Тергеу барысында 30 жастағы азаматтың бұл жерге екі мәрте рейс жасап, аумақты заңсыз қоқыс үйіндісіне айналдырғаны белгілі болды. Полиция қызметкерлерінің жедел әрекеттерінің арқасында қоршаған ортаның әрі қарай ластануына жол берілмеді. Құқық бұзушыға 79 240 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды. Сонымен қатар, қалдықтарды заңсыз шығаруға пайдаланылған көлік айыптұраққа қойылды. Заң бұзушы өз әрекетінің салдарын жоюға міндеттеліп, полиция бақылауымен жиналған қоқыстың барлығын арнайы полигонға жеткізді. Бұл дерек – экологияға зиян келтіретін заңсыз әрекеттерге қарсы полицияның тиімді күресінің айқын дәлелі. «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында тәртіп сақшылары өңір тұрғындарын табиғатты қорғау заңнамасын бұзу жағдайлары туралы полицияға хабарлауға шақырады.