Қарағанды облысы полициясы Конституция күні қарсаңында күшейтілген режимде қызметке кірісті. Қазақстан Республикасының Конституциясы күні қарсаңында Қарағанды облысында қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Полиция департаментінің жеке құрамы күшейтілген жұмыс кестесіне көшірілді. Осыған байланысты облыстың бас полицейі, полиция полковнигі Нығмет Исмагулов полиция қызметкерлері мен Ұлттық ұлан жауынгерлерінің қатысуымен жалпы саптық таратылым өткізді. Саптық таратылым барысында департамент бастығы жеке құрамның қызмет өткеруге дайындығын тексеріп, олардың сақадай сай екеніне көз жеткізді. Өз сөзінде полиция полковнигі Нығмет Исмагулов алдағы мерекелік күндерде өңірде қоғамдық тәртіпті сақтау мен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің басты назарда болатынын атап өтіп, тәртіп сақшыларына бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді. Атап айтқанда: Қоғамдық орындарда азаматтардың қауіпсіздігін қатаң қадағалау; Қылмыстың алдын алу шараларын күшейту және құқық бұзушылықтарға жол бермеу; Жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жол-көлік оқиғаларының алдын алу. – «Мереке қарсаңында біздің ең басты міндетіміз – өңірде қоғамдық тәртіпті сақтау, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу. Бұл – әрқайсыңызға жүктелген үлкен жауапкершілік», – деді департамент бастығы. Жалпы саптық таратылым тәртіп сақшыларының салтанатты шеруімен қорытындыланды.