Конституция құрдастары - ел тыныштығының сенімді сақшылары. Қарағанды облысында кәсібилігімен және қызметіне адалдығымен ерекшеленіп жүрген полиция офицерлері бар. Солардың қатарында - майор Гүлжахан Сапарова мен капитан Серік Жарғай. Екеуі де 1995 жылы, Қазақстан Республикасының Конституциясы қабылданған жылы дүниеге келген. Майор Гүлжахан Абдыманапқызы Сапарова Алматы академиясын тәмамдап, 2017 жылдан бастап ішкі істер органдарында қызмет атқарып келеді. Бүгінде ол Теміртау қалалық полиция басқармасының жауапты әрі бастамашыл қызметкері ретінде танымал. Қызметтік міндетін адал атқарып қана қоймай, спортта да жетістіктерге жеткен. Қоян-қолтық ұрысы жекпе-жегі мен қарудан атудағы табыстары оның жігері мен өзін үнемі жетілдіруге деген ұмтылысын айқын көрсетеді. Капитан Серік Төлеутайұлы Жарғай - Бұқар жырау ауданы полиция бөлімінің учаскелік инспекторы. Ол Қазтұтынуодағы Қарағанды университетінің заң факультетін бітірген соң, бірден полиция қатарына қосылды. Әріптестері оны кәсіби дайындығының жоғары деңгейі, адамгершілігі және әрқашан көмек қолын созуға әзір тұратындығы үшін ерекше бағалайды. Конституция құрдастары атанған бұл жас офицерлер бүгінгі күні өз борышын абыроймен атқарып, елдегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісіне сүбелі үлес қосып жүр. Олар - Қазақстан полициясының мақтанышы, жас ұрпаққа үлгі, Отанға адал қызмет етудің айқын бейнесі.