«Назар аударыңдар, балалар!» акциясы: Қарағандылық полицейлер жаңа оқу жылы қарсаңында жол қауіпсіздігін еске салды. Жаңа оқу жылы басталар шақта балалардың мектепке қатынау жолындағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету - басты міндеттердің бірі. Осы мақсатта 25 тамыз бен 10 қыркүйек аралығында Қарағанды қаласында «Назар аударыңдар – балалар!» республикалық акциясы өткізілуде. Оның негізгі мақсаты - жол-көлік оқиғаларының алдын алу, балаларға қауіпсіз жүріс-тұрыс дағдыларын үйрету және жасөспірімдерді көлік ортасына бейімдеу. Акция аясында Қарағанды қаласы Полиция басқармасында балаларға арналған танымдық іс-шара өтті. Шараға балалар үйінің тәрбиеленушілері арнайы шақырылды. Полицейлер олар үшін мазмұнды бағдарлама әзірлеп, жол қозғалысы ережелерін түсіндіріп қана қоймай, өздерінің қызметтік жұмыстарының қыр-сырын көрсетті. Балалар ерекше қызығушылықпен қызметтік иттердің өнерін, сондай-ақ жедел әрекет ету жасағы сарбаздарының қару-жарақтарымен таныстырылымын тамашалады. Сонымен қатар жас қонақтар жолдағы қауіпсіздіктің маңыздылығын айқын түсінді. Қарағанды қаласы ПБ бастығының орынбасары, полиция полковнигі Бауыржан Мұхамеджанов балаларға арнаған сөзінде: «Балалар -біздің болашағымыз! Олардың мектепке де, үйлеріне де аман-есен жетуі үшін бар күшімізді саламыз. Баршаңызға денсаулық, амандық және шат-шадыман балалық шақ тілеймін», -деп атап өтті.