Қарағанды облысы: қалта ұрлықтарына қарсы кешенді шаралар күшейтілді
Қарағанды облысында қалта ұрлықтарының алдын алу және олардың жолын кесу мақсатында Ішкі істер министрлігінің республикалық бағдарламасы аясында ауқымды жұмыс жүргізілуде. Адамдар көп жиналатын орындарда жиі кездесетін бұл қылмыс түрі азаматтарға елеулі материалдық шығын келтіруде.
Өңір полициясы қалта ұрлықтарына қарсы күресті күшейту үшін кешенді шараларды қолға алды. Атап айтқанда, қылмысқа бейім адамдармен профилактикалық жұмыс жүргізіліп, қауіпті аймақтарда тәртіп сақшыларының формадағы және бейресми киімдегі патрульдері күшейтілді. Қоғамдық орындарда бейнебақылау жүйесі кеңейтіліп, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстары белсенді жүргізілуде. Полиция азаматтарды жеке қауіпсіздік ережелерін сақтауға және ұрлық жағдайында әрекет ету тәртібін білуге шақырады.
Сонымен қатар, полиция департаменті базарлар, сауда-ойын-сауық орталықтары мен көлік ұйымдарының әкімшіліктерімен бірлесе отырып, қалта ұрлықтарының алдын алуға барынша жағдай жасауда. Ерекше назар зейнеткерлерге, жастарға және мас күйіндегі азаматтарға аударылып отыр. Бағдарлама шеңберінде қалта ұрлықтарының ашылуын арттыру, криминогендік жағдайды талдау және тәуекелдерге жедел әрекет ету бағытында да шаралар жүзеге асырылуда. Басты мақсат - азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, қалта ұрлықтарының жолын кесу.