Қарағандыда ерлік көрсеткен полиция ардагеріне құрмет көрсетілді

Қарағандыда ерлік көрсеткен полиция ардагеріне құрмет көрсетілді

Қарағандыда ерлік көрсеткен полиция ардагеріне құрмет көрсетілді

Қарағанды облысы Полиция департаментінің басшылығы қызметтік борышын өтеу кезінде ерлік танытқан ішкі істер органдарының ардагеріне ерекше құрмет көрсетті.
Департамент бастығының міндетін атқарушы, полиция полковнигі Әбіл Әбілдин ішкі істер органдарының ардагері Виталий Сатановтың шаңырағына арнайы барып, оның ерлік жолына тағзым етті. Виталий Оңдасынұлы Сатанов 1998 жылы Қарағандыдағы қант орталығына қарулы шабуыл жасаған қылмыскерлерді ұстау кезінде оқ жарақатын алған. Сол жылдың 11 қарашасында белгісіз қарулы адамдар қант орталығына баса-көктеп кіріп, кассадағы ақшаны иемденіп қашпақ болады. Қауіп туралы хабарды алған жол полициясының қызметкерлері – Виталий Сатанов пен Рустам Мажитов дереу тосқауыл қойып, күдіктілер мінген көлікті тоқтатуға тырысқан. Алайда қылмыскерлер оқ жаудырып, нәтижесінде Рустам Мажитов ерлікпен қаза тауып, Виталий Сатанов ауыр жараланып ауруханаға түскен. Ел тыныштығын сақтау жолында кеудесін оққа тосқан ардагердің қайсарлығы жоғары бағаланып, ол Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.
Кездесу барысында Әбіл Әбілдин ардагерге алғысын білдіріп, оның ерлігін жас буынға үлгі ретінде ұсынудың маңызын атап өтті:
— Сіздер көрсеткен ерлік – болашақ ұрпақ үшін биік өнеге. Біз әрқашан сіздердей ардагерлермен мақтанамыз, – деді ол.
Полиция полковнигі ардагерге департамент атынан сый-құрмет көрсетіп, естелік тарту табыстады.