Құжаттандыру – әр азаматқа қолжетімді қызмет
Қарағанды облысында көші-қон қызметі басқармасы азаматтарды құжаттандыру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп келеді. Бұл – халыққа сапалы әрі уақтылы мемлекеттік қызмет көрсетудің маңызды бөлігі.
Бүгінде көші-қон саласының мамандары облыс және аудан орталықтарындағы Халыққа қызмет көрсету орталықтарында белсенді жұмыс атқаруда. Сонымен қатар, қызметкерлер денсаулығына байланысты жүріп-тұруы қиын азаматтарға үйлеріне барып, құжат рәсімдеу жұмыстарын ұйымдастыруда.
Мәселен, Бұқар-Жырау аудандық полиция басқармасының көші-қон қызметі бөлімшесінің мамандары Ботақара кентінде тұратын І топтағы мүмкіндігі шектеулі азамат Иран Болатұлы Рахимовтың үйіне арнайы барып, құжат рәсімдеп берді. Сондай-ақ, Теміртау қаласындағы «Мейірім» қарттар үйінде тұрып жатқан екі азаматқа да осындай көмек көрсетілді.
— Полиция қызметкерлері облыс тұрғындарын құжаттандыру бойынша тұрақты әрі жүйелі түрде жұмыс жүргізіп келеді. Мәселен, былтырғы жылы біз азаматтардың тұрғылықты жеріне барып, 262 адамға құжат рәсімдесек, биылғы алты айдың ішінде 119 азамат құжат алды. Бұл бағыттағы жұмыс жалғаса береді, – деді Қарағанды облысы Полиция департаменті Көші-қон қызметі басқармасы бастығының орынбасары Данияр Уақасов.
Айта кету керек, көші-қон қызметі халықтың әлеуметтік осал топтарына ерекше көңіл бөліп, мемлекеттік қызметтердің қолжетімді болуын басты назарда ұстайды.