Қарағандыда жас полицейлер салтанатты түрде ант берді
Қазақстан полициясы күніне орай Қарағанды қаласының Полиция басқармасындағы саптық алаңда жас тәртіп сақшыларының ант қабылдау рәсімі өтті. Биыл ішкі істер органдарының қатарына жаңадан қосылған 30 жас қызметкер Отан алдындағы адалдық антын беріп, құқық қорғау саласындағы жауапты қызметке ресми түрде кірісті.
Салтанатты шара Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын көтеріп, Әнұранын орындаумен басталды.
Ант қабылдау рәсімінде Қарағанды облыстық Полиция департаментінің бастығы Негмет Исмагулов жас қызметкерлерді құттықтап, олардың иығына үлкен жауапкершілік артылғанын атап өтті:
-«Ант қабылдау – бұл қарапайым рәсім емес, бұл – елге, халқымызға, заңға адал болуға берілген қасиетті серт. Сіздер азаматтардың тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуде алдыңғы шепте боласыздар. Сондықтан кәсібилік, парасаттылық, тәртіп пен батылдық сіздердің басты ұстанымдарыңызға айналуы тиіс», – деді ол.
Жас мамандардың арасында нәзік жандылар да бар. Солардың бірі - техник лауазымына тағайындалған Сәния Нәби ішкі істер саласында еңбек етуге бел буғанын мақтанышпен жеткізді: -«Бүгін мен үшін аса маңызды әрі толқытатын күн. Қоғам алдындағы үлкен жауапкершілікті сезінемін. Елге қызмет ету - мен үшін үлкен мәртебе», - деді жас полицей.
Сондай-ақ ант қабылдағандардың ішінде патрульдік полиция полкінің 10 қызметкері бар. Олардың бірі Қасымжан Кенжетай:
- «Қазақстан полициясы күні қарсаңында ант қабылдау – мен үшін үлкен құрмет. Бұл саланың әрбір қызметкері ел қауіпсіздігіне үлес қосатынын жақсы түсінемін», - деді ол.
Рәсім соңында облыстың бас полицейі бірқатар тәртіп сақшыларына арнайы шен мен министрліктің грамоталарымен марапаттады. Сондай-ақ, қоғаммен тығыз байланыста жұмыс істейтін еріктілер мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерін марапаттап, олардың қоғамдық тәртіпті сақтау ісіндегі белсенділігін жоғары бағалады.
Іс-шара полиция қызметкерлерінің салтанатты шеруімен қорытындыланды.