Қарағандылық студенттер полицейлер ұйымдастырған интеллектуалды квестте тергеуші рөлін атқарды
Қарағанды қаласы. Қарағанды облысы Полиция департаментінің тергеу-криминалистік полигонында болашақ заңгерлер үшін ерекше форматта өткен интеллектуалды ойын — «Заң мен тәртіп» квесті өз деңгейінде жоғары бағаланды. Бұл іс-шара студенттерге шынайы тергеу жағдайында әрекет етіп көруге, тергеуші мен криминалистің жұмысын тереңірек түсінуге мүмкіндік берді. Квест сценарийі облыстық ПД Тергеу басқармасы, жедел-криминалистикалық бөлім және есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бірлескен жұмысы негізінде әзірленген. Полицейлер шынайы қылмыстық істердің элементтерін ескере отырып, тапсырмаларды түрлі күрделілік деңгейінде құрастырған: қылмыс орнын визуализациялау, айғақтарды анықтау мен талдау, логикалық шешім қабылдау, және тұжырым жасау. Интеллектуалды сайысқа Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің заң факультетінен екі команда қатысты. Студенттер теориялық білімдерін тәжірибе жүзінде қолданып, тергеу амалдарын орындап, нақты іс жүргізу тәртібін ұстануға тырысты. Олар оқиға орнын шолып, дәлелдемелер жинап, логикалық байланыстар орнату арқылы шартты қылмыстардың бетін ашуға тырысты.
Квест соңында барлық қатысушылар Қарағанды облысы ПД басшылығы атынан алғыс хаттармен және естелік сыйлықтармен марапатталды. Іс-шара жастардың құқық қорғау қызметіне деген қызығушылығын арттырып, болашақ мамандық таңдауына серпін беруі мүмкін.