Қарағандыда ұялы телефон ұрлығымен айналысқан екі күдікті ұсталды
Қарағанды қаласының Октябрь полиция бөлімінің жедел әрекеттерінің нәтижесінде ұялы телефон ұрлығымен айналысқан екі азамат қолға түсті.
Бірінші оқиға қала дүкендерінің бірінде болған. 34 жастағы жергілікті тұрғын өзін тауарға қызығушылық танытқандай көрсетіп, сатушының қараусыз қалған смартфонын ұрлап кеткен. Келтірілген материалдық шығын – 45 мың теңге.
Екінші жағдай қоғамдық тамақтану орнында тіркелді. 28 жастағы қарағандылық азамат кафеде жалғыз отырған 66 жастағы тұрғынға әңгіме-дүкен құрып, сеніміне кірген. Сол сәтті пайдаланып, оның қалта телефонын жасырын түрде алып кеткен. Көп ұзамай полиция күдіктіні тұрғылықты мекенжайында ұстады. Ол жасаған қылмысын олық мойындады.
Аталған екі дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің сәйкес бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, ұсталған азаматтардың қала аумағында бұрын жасалған осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде.
Қарағанды облысының Полиция департаменті қала тұрғындарын қырағы болуға және жеке мүліктерін қараусыз қалдырмауға шақырады. Қоғамдық орындарда абай болу – қылмыстың алдын алудың тиімді жолы.