Қарағандылық балаларға арналған ерлікке толы күн

Қарағандылық балаларға арналған ерлікке толы күн

Қарағандылық балаларға арналған ерлікке толы күн
Қарағанды қаласында «Қазақстан балалары» ұлттық бастамасы аясында ерекше шара өтті. Қарағанды облысы Полиция департаментінің Жедел қимылдайтын арнайы жасағы мен Кинологиялық орталығы көпбалалы отбасылар мен балалар үйінің тәрбиеленушілерінен құралған 6–7 сыныптың 60 оқушысын қабылдап, олардың жүрегіне отансүйгіштік пен ерлік рухын дарытты.
Арнайы жасақ базасында өткен кездесу балаларды құқық қорғау саласының қыр-сырымен таныстыруға арналды. Саптық алаңдағы алғашқы қадамнан бастап балалар нағыз жауынгерлік рухты сезініп, арнайы жасақтың толық экипировкасын киіп көрді. Осы сәт оларды шынайы батырларға айналдырғандай әсер қалдырды.
Ұйымдастырушылар жас қонақтарға шынайы әскери жаттығуларға ұқсас сынақтар дайындап, балаларды кедергілер жолағынан өткізіп, көз байлау арқылы бағдар табуға үйретті. Бұл жаттығулар балалардың сенімділік пен серіктестік дағдыларын дамытты.
Күннің ең жарқын сәті – кинологиялық орталық мамандарының қызметтік иттермен өткізген көрсетілімі болды. Ақылды, тәрбиелі із кесуші иттермен танысу балаларға қуаныш сыйлап қана қоймай, олардың құқық қорғаушылар еңбегіне деген құрметін арттыра түсті.
Бұл ерекше күн балалардың жадында өмірлік өнеге ретінде сақталады. Мұндай кездесулер жасөспірімдердің бойына тәртіптілік, патриоттық сезім мен заңға деген құрметті сіңіреді. Құқық қорғау органдарының қызметімен етене танысу – болашақ мамандықты таңдауда маңызды қадам.