"Жас сақшы": Қарағанды полицейлерінен ерлік пен қауіпсіздік сабақтары

"Жас сақшы": Қарағанды полицейлерінен ерлік пен қауіпсіздік сабақтары

"Жас сақшы": Қарағанды полицейлерінен ерлік пен қауіпсіздік сабақтары
Жазғы демалыстың қарсаңында Қарағанды қаласында ерекше тәрбиелік сипаттағы іс-шара өтті. Қарағанды облысы Полиция департаментінің Арнайы және жұмылдыру дайындығы басқармасы мен Жылдам қимылдайтын арнайы жасақ жауынгерлері Ж. Ақбаев атындағы мектептің «Жас сақшы» сынып оқушылары үшін арнайы дайындық сабағын ұйымдастырды.
Шара «Қазақстан балалары» ұлттық тұжырымдамасы мен «Заң мен тәртіп» қағидалары аясында өткізіліп, оқушыларға қауіпсіздік негіздерін меңгертіп, оларда азаматтық жауапкершілік пен құқықтық мәдениетті қалыптастыруды мақсат етті. Оқушыларды нағыз із кесушілердің қызметімен таныстыру үшін іс-шараға Октябрь полиция бөлімінің жедел-криминалистикалық тобы да атсалысты.
Балалар атыс, дене, арнайы және тактикалық дайындықтың негізгі элементтерін үйреніп, өздерін болашақ тәртіп сақшылары ретінде сезінді. Автомат бөлшектеу мен жинау, өзін-өзі қорғау әдістерін пысықтау барысында олар шынайы тәртіп сақшысы болудың жауапкершілігін терең түсінді. Сонымен қатар, криминалистика саласындағы заманауи технологиялармен танысып, қылмыстық істерді ашудың құпия әлеміне енді.
Іс-шара аясында полиция қызметкерлері оқушыларға жаз мезгіліндегі қауіпсіздік ережелерін – әсіресе су айдындарындағы тәртіпті сақтау мен сақ болудың маңызын түсіндірді. Бұл – балалардың өмірін қорғауға бағытталған маңызды профилактикалық жұмыс болды.
«Жас сақшы» сыныбының оқушылары бастамашылдық танытып, бастауыш сыныптарға арнап жол қозғалысы ережелерінен шағын сабақ өткізіп, өз білімдерін өзгелермен бөлісуге дайын екендіктерін көрсетті.
Күннің соңында балаларға балмұздақ түріндегі тәтті сый тарту етіліп, бұл ерекше күн олардың есінде тек қызықты ғана емес, пайдалы әрі тағылымды оқиға ретінде сақталып қалды.
Бұл шара – полиция мен жас ұрпақ арасындағы өзара сенім мен серіктестіктің жарқын үлгісі. Ол балалардың бойында қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға, ал болашақта — заң мен тәртіпті сақтауға үлес қосуға үлкен қадам болды.