«Жеңіске бірге жетеміз!»: Қарағанды облысы оқушыларына арналған полиция мен «Динамо» ұйымынан спорттық мереке
Жазғы демалыс қарсаңында Қарағанды облысының мектеп оқушылары үшін қуаныш пен сергектікке толы ерекше спорт мерекесі өтті. Қарағанды облысы Полиция департаментінің Жергілікті полиция қызметі және Арнайы-жұмылдыру және дайындық басқармалары мен «Динамо» дене шынықтыру-спорт қоғамы бірлесіп, «Қазақстан балалары» ұлттық тұжырымдамасын және «Заң мен тәртіп» қағидаттарын басшылыққа ала отырып, жас буынды спортқа баулуды мақсат еткен ауқымды іс-шара ұйымдастырды.
Шара аясында оқушылар арасында мини-футбол мен шахматтан жарыстар өтіп, олар күш пен ептілік, зерде мен тактикалық ойлау қабілеттерін сынға салды. Қатысушы тоғыз команда облыстың әр түкпірінен жиналып, өз мектептерінің абыройын қорғады. Бұл – тек спорттық сайыс емес, бірлік, әділдік пен достық рухын насихаттаған тартысты дода болды.
Футбол алаңында өткен қызу кездесулерде шеберлік пен үйлесімді ойын көрсеткен Нұрмағамбетұлы атындағы мектеп-лицей-интернатының командасы жеңіс тұғырынан көрініп, алтын медаль иеленді. Күміс жүлдені №61 орта мектептің шәкірттері жеңіп алса, үшінші орынды Білім-инновация лицей-интернатының командасы иеленді.
Шахмат жарысында да тартысты бәсеке өтті. Стратегиялық ой мен зейіннің шынайы бәсекесіне айналған ойын нәтижесінде Білім-инновация лицей-интернатының оқушылары бірінші және екінші орынды қанжығалады. Ал үшінші орын Шахтинск қаласындағы С. Сейфуллин атындағы мектеп-гимназиясының оқушысына бұйырды.
Бұл спорттық мереке балалар үшін тек жарыс емес, жаңа достықтар мен ұмытылмас әсерге толы күн болды. Шара оқушыларға өз қабілеттерін ашуға, денсаулықтарын нығайтуға және жазғы демалысқа сергек көңіл күймен қадам басуға мүмкіндік берді.
Іс-шараны ұйымдастырушылар мұндай бастамалардың болашақта дәстүрге айналып, салауатты өмір салтын дәріптеуде маңызды рөл атқаратынына сенім білдірді.