"Қауіпсіз жол 2.0": Қарағанды полицейлері жолдағы тәртіпті күшейтуде

"Қауіпсіз жол 2.0": Қарағанды полицейлері жолдағы тәртіпті күшейтуде

"Қауіпсіз жол 2.0": Қарағанды полицейлері жолдағы тәртіпті күшейтуде
Қарағанды облысында "Қауіпсіз жол" жедел-профилактикалық іс-шарасының екінші кезеңі қарқынды түрде жалғасуда. Бұл бастама — өңірдегі жол-көлік оқиғаларының алдын алу мен жол қозғалысы ережелерінің бұзылуына жол бермеу мақсатында жүзеге асырылып жатқан ауқымды жұмыс. Акция — жаяу жүргіншіден бастап көлік жүргізушісіне дейін әрбір азаматтың қауіпсіздігіне бағытталған.
Іс-шараның алғашқы екі күнінде Қарағанды полицейлері 1091 құқық бұзушылықты анықтады. Олардың ішінде ең қауіптісі — көлікті мас күйінде басқару. Осындай 10 факті тіркелді. Бұдан бөлек, қарсы қозғалыс жолағына шығудың 11 жағдайы, сақтандыру немесе техникалық байқау талаптарын орындамаған 115 жүргізуші анықталды.
Рульде отырып телефон қолданған 64 жүргізушіге шара қолданылды. Сонымен қатар, багажды тасымалдау ережелерін бұзу мен заңсыз такси қызметі фактілері де назардан тыс қалмады.
Жол қозғалысын бақылау сапасын арттыру мақсатында Саран қаласына бағытталған тас жолда заманауи ұшқышсыз ұшу аппараты (дрон) іске қосылды. Ол нақты уақыт режимінде ереже бұзушылықтарды тіркеп, жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.
Бұған дейін өткен бірінші кезеңде 16 мыңға жуық құқық бұзушылық анықталған болатын. Атап айтқанда: 148 мас жүргізуші, 115 қарсы бағытқа шыққан көлік, 32 жүргізу құқығынан айырылған тұлғаның рөлге отыруы, 13 жалған нөмір қолдану фактісі тіркелді.
Сонымен қатар, жаяу жүргіншілер тарапынан 2866 ереже бұзушылық анықталды. Бұл – барлық жол қозғалысына қатысушылар арасында құқықтық сауаттылықты арттырудың өзектілігін айғақтайды.
Жол ережесін өрескел бұзған көлік құралдарының 544-і айыппұл тұрағына қойылды.
Қарағанды облысының Полиция департаменті барлық азаматтарды жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Есіңізде болсын: жол қауіпсіздігі – бәрімізге ортақ жауапкершілік. Өз өміріңізді және жақындарыңызды қорғаңыз!