Қарағандыдағы құрылыс нысанынан заңсыз жұмыс істеген 14 шетелдік анықталды
Қарағандыда жүргізілген рейд барысында облыстық полиция департаментінің мобильді тобы ірі құрылыс компаниясының нысанында заңсыз еңбек қызметімен айналысқан 14 шетелдік азаматты анықтады.
Анықталғандай, африкалық елдерден келген бұл азаматтар Алматы қаласындағы құрылыс алаңында жұмыс істеуге тіркелгенімен, іс жүзінде Қарағандыда еңбек еткен. Яғни, көші-қон заңнамасы өрескел бұзылған.
Тексеру нәтижесінде көші-қон заңдарын сақтамағаны үшін жалпы саны 16 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олардың екеуі – Қазақстан азаматтары, оларға айыппұл салынды. Құрылыс компаниясына қатысты екі бірдей әкімшілік іс қозғалды: Заңсыз шетелдік жұмыс күшін тартқаны үшін – 700 мың теңгеден астам; Шетел азаматтарын тіркеу бойынша міндеттерін орындамағаны үшін – 72 мың теңге көлемінде айыппұл көзделіп отыр. Ал 14 шетелдік азаматқа қатысты іс-құжаттар елден шығаруға (депортациялауға) қатысты шешім қабылдау үшін сотқа жолданды. Қарағанды облысының полиция департаменті шетелдік жұмыс күшін тарту кезінде заң талаптарының қатаң сақталуы қажет екенін ескертеді. Әрбір жұмыс беруші шетел азаматтарын жұмысқа қабылдағанда рұқсат беру тәртібін, тіркеу және құжат рәсімдеу талаптарын толық орындауы тиіс.
Полиция заңсыз көші-қонға қарсы рейдтік шараларды өңір бойынша жүйелі түрде жалғастыратынын хабарлайды.
Қарағандыда стоматологқа бару ұрлықпен аяқталды
Қарағанды қаласында 25 жастағы азамат медициналық мекемеде болған кезінде ұрлықтың құрбаны болды. Стоматологиялық кабинетке келген тұрғын сырт киімінің қалтасына салған 150 000 теңгесінен айырылып, бұл күтпеген жағдай полицияға жүгінуіне себеп болды. Алайда жәбірленуші оқиға орын алғаннан кейін бір апта өткен соң ғана құқық қорғау органдарына арызданған. Бұл – қылмыстың ізі суып кетуіне және ұрланған қаражатты жедел қайтару мүмкіндігінің төмендеуіне әкелді. Дер кезінде хабар берілмеуі қаскөйдің ізін суытуына мүмкіндік беріп, полицейлердің жұмысын қиындатты. Соған қарамастан, Михайлов полиция бөлімінің қызметкерлері кәсіби шеберлік пен табандылық танытып, шұғыл іздестіру шараларын жүргізді. Нәтижесінде күдікті анықталып, ұсталды. Ол — Қарағанды облысындағы ауылдардың бірінде тұратын 35 жастағы азамат болып шықты. Тергеу барысында ол кінәсін толық мойындап, ұрлаған қаражатты ерікті түрде қайтарды. Ұрлыққа итермелеген нақты себептер қазір анықталу үстінде. Қазіргі таңда аталған факті бойынша тергеу амалдары жалғасуда. Полицейлер оқиғаның барлық мән-жайын анықтап қана қоймай, күдіктінің басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығын тексеріп жатыр. Қарағанды облысының полиция департаменті азаматтарға бағалы заттарын қоғамдық орындарда және медициналық мекемелерде қараусыз қалдырмауға кеңес береді. Ұрлық немесе күмәнді жағдайлар орын алған жағдайда бірден полицияға хабарласу маңызды.
Қарағанды полицейлері интернет-алаяқтардың құрбаны болудың алдын алды
Қарағандыда киберқылмыспен күрес бағытында жүргізіліп жатқан ауқымды алдын алу жұмыстары оң нәтиже бере бастады. Биыл интернет-алаяқтық фактілерінің саны 271 жағдайға дейін төмендеді. Бұл — Қарағанды облысы полициясының жүйелі әрі кешенді ақпараттық-түсіндіру жұмысының нәтижесі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтарды алдаудың ауыр салдарын атап өтіп, кибералаяқтарға қарсы ымырасыз күрес жүргізу қажет екенін бірнеше рет баса айтты. Қазіргі уақытта полиция департаменті қала тұрғындарын интернет-алаяқтардан сақтандыру үшін түрлі арналар арқылы ақпараттық кампанияны жүзеге асырып отыр. WhatsApp-тағы статустар, әлеуметтік желілер, кинотеатрлардағы және LED-экрандардағы бейнематериалдар, қоғамдық көліктердегі жадынамалар мен QR-кодтар — барлығы бір мақсатқа бағытталған.
— Бүгінде қоғамдық көліктерде 1000-нан астам алаяқтық схемалар туралы ақпаратқа қол жеткізуге болатын QR-кодтары бар парақшалар орнатылды. Сонымен қатар, автобустар тақырыптық баннерлермен безендірілді, бейнероликтер әлеуметтік желілер мен жолаушылар тасымалдайтын көліктерде көрсетілуде, — деді Қарағанды қалалық полиция басқармасының бастығы Шахназар Салин. Киберқылмыстың алдын алуға бағытталған шаралар тек медиа кеңістікте емес, білім беру және медициналық мекемелерде де жалғасуда. Мұнда алаяқтық схемалары мен жеке мәліметтерді қорғау жолдары бойынша семинарлар өтуде. Сондай-ақ, Ұлттық Банк, екінші деңгейлі банктер, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, прокуратура өкілдерімен кездесулер ұйымдастырылды. Алдын алу шаралары ірі кәсіпорындар мен сауда орталықтарын да қамтиды. Банкоматтар маңына полицейлердің арнайы ақпараттық мүсіндері қойылып, алаяқтықтың алдын алу туралы кеңестер берілуде. Алдын алу жұмысының нақты нәтижелерінің бірі — жақында орын алған оқиға. Қырағы такси жүргізушісі алаңдаулы жолаушыны полиция бөлімшесіне жеткізіп, мүмкін алаяқтық фактісінің алдын алды. 60 жастағы әйел өзін «басшылықтанмын» деп таныстырған белгісіз адамдардың ықпалына түсіп, шотынан 1,5 миллион теңге алуға дайын болған. Алаяқтар оның есепшоттары «терроризмді қаржыландыруда» пайдаланылған деп сендірген. Полиция қызметкерлері жедел әрекет етіп, әйелге алаяқтармен байланысуды жалғастыруды ұсыну арқылы олардың толық жоспарын анықтап, қаражаттың бөтен адамдардың қолына түсуіне жол бермеді. Әңгіме үзіліп, ниеттері жүзеге аспай қалғанын түсінген алаяқтар әйелге және оған көмек көрсеткендерге қоқан-лоққы жасап, қорлау әрекеттеріне көшкен. Бұл да киберқылмыстың қандай ауқымға жеткенін көрсетеді.
Қарағанды облысы полициясы тұрғындарды барынша мұқият болуға және күмәнді қоңыраулар мен хабарламаларға жауап бермеуге шақырады. Кез келген күмәнді жағдай орын алса, бірден құқық қорғау органдарына жүгіну ұсынылады.
Қиын жасөспірімдердің бос уақытын қамтамасыз ету қосымша күш-жігерді қажет етеді
Ішкі істер министрінің мәліметінше, полицияның есебінде «қиын» санатына жататын бес мыңға жуық жасөспірім бар. Сонымен қатар олардың тек үш мыңы секциялармен және түзету бағдарламаларымен қамтылған.
Ішкі істер министрі тізімдер әкімдіктердің атына жіберілгенін айтып, кәмелетке толмағандарды тиісті әлеуметтік қолдау шараларымен толық қамтуды қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.
Мектептердегі инфрақұрылым жаңа оқу жылы басталғанға дейін пысықтауды талап етеді
Ішкі істер министрі Ержан Саденов «Назар аударыңыз - балалар!» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында бірқатар мектеп пен балалар демалысы объектілерінің жанында жол инфрақұрылымының кемшіліктері анықталғанын хабарлады. Атап айтқанда, бағдаршамдар мен жол белгілері жоқ.
Жазғы демалыстың жақындауына байланысты және жаңа оқу жылы алдында ІІМ басшысы әкімдердің назарын 1 қыркүйекке дейін анықталған барлық бұзушылықтарды жою қажеттігіне аударды.
Өмірді сақтап қалған минуттар үшін алғыс: Қарағандылық полицейлер жедел әрекетімен танылды
Қарағанды облысының полицейлері азаматтық жауапкершілік пен жедел әрекеттің үлгісін көрсетіп, жергілікті тұрғындар мен медициналық қызметкерлер тарапынан шынайы алғысқа ие болды. Тек екі күн ішінде екі түрлі жағдайда полицейлердің жеделдігі адамның өмірін сақтап қалуға сеп болды. Бірінші оқиға Қарағанды қалалық патрульдік полиция полкінің қызметкерлері Нұрбек Нұркенов пен Темірлан Қоянбаевтың кезекшілігі кезінде орын алды. Олар толғағы келген әйелді медициналық мекемеге шұғыл жеткізіп, уақытында көмек көрсетуге мүмкіндік жасады. Полицейлердің үйлесімді әрі шапшаң әрекетінің арқасында босанушы 25 минут ішінде сәбилі болды. Асылым есімді нәресте жарық дүниеге келіп, анасы босану кезінде асқыну болмауына мүмкіндік берген тәртіп сақшыларына шын жүректен алғысын білдірді. Екінші жағдайда патрульдік полиция қызметкерлері Айбек Смағұлов пен Арғын Ерланұлы шұғыл әрекет етіп, жүрек талмасы күдігі бар науқасқа жетуге асыққан жедел жәрдем фельдшерін уақтылы жеткізді. Фельдшер Ольга өз алғысын былай жеткізді:
– Полицейлердің жедел көмегімен біз науқасты Қарқаралыдан санитарлық авиация арқылы облыс орталығына жеткізе алдық. Әр минут маңызды. Осындай кәсіби және жанашыр қызметкерлер үшін алғыс айтамын!
Бұл оқиғалар Қарағанды полицейлерінің тек құқықтық тәртіпті қамтамасыз етіп қана қоймай, қиын сәтте көмекке келуге әрдайым дайын екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Батылдық, жанашырлық пен кәсіби шеберлік — бұл олардың күнделікті жұмысының ажырамас бөлігі.
Қарағандыда балалар киімін ұрлаған күдікті сот алдында жауап береді
Қарағанды қаласында балалар киімдерін ұрлады деген күдікпен 50 жастағы ауыл тұрғынына қатысты қылмыстық іс сотқа жолданды. Ол қаладағы сауда үйлерінің бірінде орналасқан бутиктен бірнеше мәрте ұрлық жасаған деген айыппен жауапқа тартылуда. Зардап шеккен — 34 жастағы кәсіпкер әйел. Алғашқы ұрлық дерегі бірнеше апта бұрын тіркелген. Сол кезде бутик сөресінен құны 24 550 теңге болатын спорттық костюм жоғалған. Арада екі апта өткен соң күдікті қайта оралып, бұл жолы жалпы құны 30 000 теңгеге бағаланатын үш балалар күртешесін алып кеткен. Кәсіпкердің шағымынан кейін Жаңа Майқұдық полиция бөлімінің қызметкерлері жедел іздестіру шараларын ұйымдастырды. Жүргізілген жедел жұмыстардың нәтижесінде күдіктінің кім екені анықталып, оның тұрғылықты мекенжайы бойынша полицияға жеткізілді. Тергеу барысында ер адам өз кінәсін мойындады. Қазіргі уақытта барлық қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп, ұрлық фактісіне қатысты нақты заттай және куәгерлік дәлелдер жиналды. Қылмыстық іс материалдары аяқталып, процессуалдық тәртіппен сот қарауына жолданды.
Қарағандыда зергерлік бұйымдарды ұрлау дерегі ашылды
Қарағанды қаласында орын алған пәтер ұрлығының ізі суымай ашылды. Белгісіз біреу қала тұрғынының үйіне заңсыз кіріп, құны 490 мың теңгеге бағаланатын алтын әшекейлерді жымқырған. Оқиға із қалдырмай жасалған: куәгерлер де, бейнебақылау жазбалары да болмаған, бұл тергеу барысын едәуір күрделендірген еді. Дегенмен, Теміржол полиция бөлімінің қызметкерлері кәсіби біліктілік пен табандылықтың үлгісін көрсетті. Іздестіру шараларының нәтижесінде күдікті анықталып, қолға түсті – ол 31 жастағы Қарағанды тұрғыны болып шықты. Тергеу барысында оның бұл қылмысты алдын ала жоспарлап, бөтен үйге еш қиындықсыз кіргені белгілі болды. Күдікті басқа ауданнан келіп, пәтерді нысанаға алған. Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің тиісті бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жалғасуда. Жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде заттай дәлелдемелер алынды.
Сәуір айының 21 мен мамыр айының 14 аралығында Караганды облысының аумағында азаматтардан заңсыз сақталудағы атыс каруын, ок-дәрілер мен жарылғыш заттарды сатып алу бойынша кезекті акциясы өткізілді.
Аталған акциянын шенберінде 2025 жылғы 14 мамыр жағдай бойынша Караганды облысынын ішкі істер органдарына 42 азамат арызбен жүгінген. нәтижесінде олармен ерікті түрде 56 бірлік әр түрлі атые каруы, сонымен қатар 372 дана ойык ұнғылы атыс каруынын октары тапсырылды. Бүгінгі танда, халықтан заңсыз сакталудағы кару-жарақ заттарын сатып алуға республикалык бюджеттен бөлінген ақшалай каражат толық игерілді және борышкерлік карызды болдырмау үшін, сонымен катар Қазакстан Республикасы ІІМ-нін 2025 жылғы 13 наурыздағы, халықтан заңсыз сақталудағы қару-жарак заттарын сатып алу бойынша нұскауының талаптарын орындау максатында, аталған акция 14.05.2025 жылы сағат 24.00-де тоқтатылды. Бұдан әрі, Ішкі істер органдарына заңсыз сакталудағы қару-жарақ заттарын тапсыруға ниет білдірген азаматтардан, оларды кабылдау сыйақы төлеусіз жүзеге асырылатын болады.
Қарағандыда интернет-алаяқтықпен күреске арналған форум өтті
Қазіргі цифрлану дәуірінде интернет-алаяқтық күннен-күнге кең етек алып, азаматтардың қауіпсіздігіне елеулі қатер төндіріп отыр. Осыған байланысты Қарағандыда интернет алаяқтықтың алдын алу және оған қарсы күреске арналған форум өтті. Іс-шара «Жастар» мәдениет үйінде Қарағанды облысы Полиция департаментінің Киберқылмысқа қарсы күрес басқармасының ұйымдастыруымен өтті. Форумның басты мақсаты – қоғамда цифрлық қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру, интернеттегі алаяқтық тәсілдері туралы ақпарат тарату және оны болдырмаудың тиімді жолдарын талқылау. Мамандардың айтуынша, алаяқтар өз әдістерін үнемі түрлендіріп отырады. Олар фишинг, жалған сілтемелер, пошта жөнелтілімдері туралы хабарламалар, сондай-ақ банк немесе құқық қорғау органдары атынан қоңырау шалу арқылы азаматтардың жеке деректерін иемденіп, банк шоттарындағы қаражатты ұрлауда. Осындай схемалардың бірі – «есептегіш құралдарын ауыстыру» туралы жалған қоңыраудан кейін алаяқтар «банк қызметкеріміз» деп хабарласып, тұрғындарды алдап соғады.
Статистикаға сәйкес, интернет-алаяқтардың әрекеттерінен келген материалдық шығындар өңірде жүздеген миллион теңгені құрап отыр. Алайда, алдын алу шаралары өз нәтижесін бере бастады – тұрғындар сақтық танытып, алаяқтардың айла-тәсілдерінен жиі қорғана алуда. Мұндай оқиғалар қатарында Саран қаласында орын алған жағдайды атап өтуге болады. 80 жастағы зейнеткер атына несие рәсімделгелі жатқанын байқап, бірден полицияға хабарласқан. Құқық қорғау органдары дер кезінде әрекет етіп, қажет көмекті көрсетті.
Форум аясында сарапшылар, құқық қорғау органдары өкілдері және қала тұрғындары өзара пікір алмасып, интернеттегі қауіпсіздікті қамтамасыз етудің жаңа тетіктерін талқылады. Қарағанды облысының Полиция департаменті азаматтарды онлайн кеңістікте сақ болуға, бейтаныс сілтемелерге өтпеуге, жеке деректерді бөгде адамдарға бермеуге және күмән тудыратын жағдайларда дереу полицияға жүгінуге шақырады.