ҚР ІІМ логотипі
ҚР ІІМ логотипі
Меню
Страницы
Баспасөз орталығы
Құжаттар
Департамент туралы
Байланыс ақпараты
Қызметі
Онлайн қабылдау
Все материалы
Көші-қон қызметі
26 февраля 2026
Қарағанды облысында «резеңке пәтерлер» желісі жойылды

Қарағанды облысында «резеңке пәтерлер» желісі жойылды. Полиция департаменті көші-қон заңнамасын бұзудың 441 дерегін анықтады. 192 нысан тексеріліп, оның ішінде 37-сі «резеңке пәтер» екені белгілі болды. 106 адам (103 ҚР азаматы және 3 шетелдік) тіркеу есебінен шығарылды. Заң бұзушылыққа жол берген үй иелері әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Әлеуметтік желілер арқылы жалған тіркеу қызметін ұсынған кәсіпкер анықталып, айыппұл салынды. Сондай-ақ, Шет ауданында шекараны заңсыз кесіп өткен шетелдік ұсталды. Тіркеу талаптарын сақтау — қоғамдық қауіпсіздіктің кепілі. Тексеру жұмыстары жалғасуда.

Көші-қон қызметі
Тергеу және анықтау
Кадр саясаты
24 февраля 2026
Болат мінезді әділет сақшысы: Анастасия Горлованың қайсар рухы

Болат мінезді әділет сақшысы: Анастасия Горлованың қайсар рухы
Ұлы Отан соғысының сұрапыл жылдарында ер-азаматтар майданға аттанып, ел тағдыры сынға түскен шақта қоғамдық тәртіпті қорғау ісіне нәзік жандылар да белсене араласты. Сол бір ауыр кезеңде әйелдердің табандылығы мен батылдығы қоғамға тірек болды. Осындай сын сағатта, 1943 жылғы 30 желтоқсанда 19 жастағы Анастасия Горлова Қарағанды облысының құқық қорғау органдары қатарына қабылданды. Қызмет жолын қарапайым паспорт бөлімінің қызметкері болып бастаған ол білімге құштарлығымен, еңбекқорлығымен және адалдығымен көзге түсті. Ізденімпаздығы мен жауапкершілігінің арқасында көп ұзамай бөлім басшылығына тағайындалып, кейін тергеу саласында қызметін жалғастырды. Бұл бағытта ол өзін білікті де принципшіл маман ретінде танытты. Қарағандының қақаған қысының қақ ортасында, 1924 жылдың желтоқсан айында дүниеге келген милиция майоры Анастасия Горлова бар ғұмырын заң мен әділдікке қызмет етуге арнады. Құқық қорғау органдарына небәрі 19 жасында келген ол 1978 жылдың мамырына дейін табанды еңбек етіп, отыз бес жылдан астам уақыт бойы ел тыныштығын қорғады. Ерекше табандылығы, қайтпас қайсарлығы және әрдайым алдыңғы шептен көрінуге деген шынайы ұмтылысы оған кез келген кедергіні еңсеріп, көздеген биіктеріне сеніммен жетуге жол ашты.
Анастасия Горлованың қызметтік жолында ерекше атап өтерлік істердің бірі – «сыған генералы» аталған күрделі қылмыстық істі тергеуі болды. Бірнеше айға созылған бұл резонансты іс тергеушінің терең білімі мен ұқыптылығын ғана емес, әділдікке деген берік сенімін де айқын көрсетті. Оның табандылығының нәтижесінде кінәлілер сот алдында жауап беріп, тиісті жазасын алды.
Қызметтегі ерлігі мен жанқиярлығы үшін Анастасия Горлова «Қоғамдық тәртіпті сақтаудағы үздік қызметі үшін» медалімен марапатталған алғашқы қызметкерлердің бірі болды. Ол – құқық қорғау органдары қызметкерлерінің бірнеше буынына үлгі болған, адалдық пен абыройдың символына айналған тұлға.

Әкімшілік полиция
23 февраля 2026
ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫНДА ҚАҺАРЛЫ БОРАН: ЖОЛДАР ЖАБЫЛЫП, ПОЛИЦИЯ КӨЛІКТЕРДІ ҚАУІПСІЗ АЛЫП ШЫҚТЫ

ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫНДА ҚАҺАРЛЫ БОРАН: ЖОЛДАР ЖАБЫЛЫП, ПОЛИЦИЯ КӨЛІКТЕРДІ ҚАУІПСІЗ АЛЫП ШЫҚТЫ
22 ақпаннан бастап Қарағанды облысы аумағын ақтүтек боран басып, көзге түртсе көрінбейтін жағдай қалыптасты. Қатты жел мен қарлы боран салдарынан өңір арқылы өтетін республикалық және облыстық маңызы бар барлық автожолдар уақытша жабылды.
Трассаларда 500-ге жуық жеңіл автокөлік, 350-ге тарта жүк көлігі және шамамен 20 автобус жолда қалып қойды. Барлығы 2000-ға жуық адам қар құрсауында қалды. Әсіресе Қарағанды – Астана бағытында жағдай күрделене түсіп, 700-ге жуық автокөлік бір бағытта шоғырланды.
23 ақпан күні сағат 14:00-ден бастап патрульдік полиция батальонының қызметкерлері жол қозғалысын кезең-кезеңімен жандандырып, көліктерді ілестіре алып жүруді ұйымдастырды. Теміртау – Астана бағыты бойынша автокөліктер полицияның бақылауымен қауіпсіз учаскелерге жеткізілді. Патрульдік полиция батальоны взводының командирі Даурен Әбдішевтің айтуынша, жолдың кей бөліктерінде қар үйінділері мен боран салдары әлі де сақталуда.
— Біздің басты міндетіміз – азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, көліктерді діттеген жеріне аман жеткізу. Сол үшін ілеспе алып жүру жұмыстары жүргізілуде, — деді ол.
Қазіргі таңда полиция қызметкерлері күшейтілген режимде тәулік бойы қызмет атқаруда.
Жүргізушілерге үндеу: Дауылды ескерту жарияланған жағдайда алыс сапардан бас тартыңыз.
Жолға шығар алдында трассалардың жай-күйін ресми дереккөздерден нақтылаңыз.
Көлікті қысқы маусымға толық дайындап, жанармай қорын жеткілікті деңгейде ұстаңыз.
Өзіңізбен бірге жылы киім, ауыз су, зарядталған байланыс құралын алып жүріңіз.
Қарлы боран кезінде жылдамдықты азайтып, қауіпсіз арақашықтықты сақтаңыз.
Табиғат тосын мінез танытқан сәтте сабыр мен сақтық қана қауіптің алдын алады. Жолдағы әр шешім – адам өмірімен өлшенетін жауапкершілік.

Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл
23 февраля 2026
Қарағанды облысының колонияларында заттарды заңсыз беруге қарсы рейдтер

Қарағанды облысының колонияларында заттарды заңсыз беруге қарсы рейдтер
Қарағанды облысының Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Қарағанды облысы және Ұлытау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті мекемелерімен бірлесіп, түзеу мекемелеріне тыйым салынған заттарды заңсыз өткізудің алдын алу және жолын кесу мақсатында кешенді рейдтік іс-шараларды тұрақты негізде өткізіп келеді. Аталған жұмыстар қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде және оларға іргелес аумақтарда қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге бағытталған жүйелі профилактикалық шаралардың маңызды бөлігі болып табылады. Рейдтер аясында алдымен жазасын өтеп жатқан азаматтармен түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Кездесулер барысында есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу, тыйым салынған заттарды сақтау мен таратудың құқықтық салдары, сондай-ақ құқыққа сай мінез-құлық қағидаттары кеңінен түсіндіріледі. Бұдан кейін арнайы дайындықтан өткен қызметкерлер тұрғын бөлмелерді, өндірістік және қойма үй-жайларын, сондай-ақ мекеме аумағын мұқият тексереді. Негізгі назар заңсыз жолмен жеткізілуі мүмкін заттарды анықтауға аударылады. Жүргізілген тексерулер нәтижесінде режим талаптарының сақталуы мен тәртіп деңгейінің жоғары екені расталды. Рейд қорытындысы бойынша заңсыз берілген заттарды сақтау немесе анықтау фактілері тіркелген жоқ.Бұл қабылданып жатқан шаралардың тиімділігін және құқық қорғау органдарының үйлесімді әрі кәсіби жұмысының нәтижелілігін айғақтайды.

Жергілікті полиция қызметі
23 февраля 2026
Қарағанды облысы аумағында полиция мен қоғам өкілдері құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету үшін күш біріктіруде

Қарағанды облысы аумағында полиция мен қоғам өкілдері құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету үшін күш біріктіруде Қарағанды облысы Полиция департаментінің ғимаратында облыстың ПД бастығының орынбасары Жасқайрат Қайыровтың учаскелік полиция инспекторларымен және ПИК/МИБ (КСК/ОСИ) төрағаларымен жұмыс кездесуі өтті. Басқосу «Заң және тәртіп» идеологиясын іске асыру және өзара іс-қимылды жаңа деңгейге көтеру мәселелеріне арналды. Іс-шараға қоғамдық қауіпсіздік, әкімшілік, криминалдық және көші-қон полициясы басқармаларының басшылары, сондай-ақ Қарағанды қаласы полиция бөлімдері бастықтарының орынбасарлары қатысты.
Кездесуді ашқан Ж. Қайыров құқық бұзушылықтардың алдын алуда бірыңғай әрі тиімді тәсіл қалыптастырудың маңызын атап өтті. Ол 2 наурыздан бастап күшіне енетін Профилактика туралы заң талаптарына ерекше тоқталып, оның қоғамдық қауіпсіздік жүйесін жаңғыртудағы рөлін айқындады. – Профилактика туралы жаңа заң – бұл тек құқықтық құжат емес, алдын алу жұмысының сапасын арттыруға бағытталған жүйелі қадам. Қоғам белсенді түрде тартылған кезде ғана нақты нәтижеге қол жеткізе аламыз. Осы ретте ПИК/МИБ (КСК/ОСИ) пен учаскелік инспекторлар өз аумақтарында шешуші буынға айналады, – деді ол. Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары Рустам Сергазинов азаматтардың қауіпсіз орта қалыптастыруға қатысуын кеңейту бағытындағы жұмыстарға тоқталды. Бүгінде Қарағанды облысы аумағында 579 белсенді азаматты біріктіретін 194 қоғамдық құрылым жұмыс істейді. Бұл – өңір тұрғындарының қоғамдық тәртіпті сақтауға деген жауапкершілігінің айқын көрінісі. Таза Қазақстан бағдарламасы аясында абаттандыру және санитарлық тазалықты қамтамасыз ету бағытында бірлескен іс-шаралар жүйелі түрде жүргізілуде. Әсіресе қыс мезгілінде аумақтарды қардан тазалау және шатырлардағы мұз қатпарларының алдын алу жұмыстары өзекті. Жыл басынан бері санитарлық талаптарды бұзудың 5 мыңнан астам дерегі анықталып, тиісті шаралар қабылданды. Бұл – полиция мен қоғамның үйлесімді әрекетінің нақты нәтижесі. Кездесу барысында қатысушылар өзара ықпалдастықты жетілдіру, ақпарат алмасуды күшейту және қоғамдық қауіпсіздік деңгейін арттыру бойынша ұсыныстарын ортаға салды. Жекелеген күрделі жағдайларды шешу үшін ведомствоаралық комиссия құру туралы шешім қабылданды. Сонымен қатар бір тұрғын үй кешеніндегі 146 бейнебақылау камерасын «Перспектива» үкіметтік емес ұйымына немесе Жедел басқару орталығына қосу мүмкіндігі қарастырылды. – Қауіпсіздік – ортақ жауапкершілік. «Заң және тәртіп» қағидаттарын тиімді іске асыру үшін біз халықпен тұрақты байланыста болып, әрбір сигналға жедел әрі кәсіби әрекет етуіміз қажет. Сонда ғана азаматтардың құқықтары мен тыныштығын толық қамтамасыз ете аламыз, – деп түйіндеді Ж. Қайыров. Іс-шара соңында құқықтық тәртіпті нығайтуға белсенді үлес қосқан 10 ПИК/МИБ (КСК/ОСИ) төрағасы алғыс хаттармен марапатталды.

Әкімшілік полиция
23 февраля 2026
Қарағанды облысында жолаушылар тасымалы күшейтілген бақылауға алынды: екі күнде 127 құқықбұзушылық анықталды

Қарағанды облысында жолаушылар тасымалы күшейтілген бақылауға алынды: екі күнде 127 құқықбұзушылық анықталды

Қарағанды облысында жолаушылар тасымалы саласындағы тәртіпті күшейту мақсатында «Тасымалдаушы» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде. Ауқымды рейдтер 2026 жылғы 21–24 ақпан аралығында ұйымдастырылып, негізгі назар жолаушылар қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталды.
Алғашқы екі күннің қорытындысы бойынша патрульдік полиция батальонының қызметкерлері республикалық маңызы бар автожолдарда 127 құқықбұзушылықты анықтады. Тексеру барысында тасымалдаушылардың жол қозғалысы қағидаларын сақтау деңгейі, техникалық жай-күйі және қажетті құжаттарының болуы жан-жақты қаралды.
Жиі тіркелген заңбұзушылықтар қатарында:
- заңсыз тасымалдау қызметін жүзеге асыру;
- жолаушылар мен багажды тасымалдау талаптарын бұзу;
- техникалық ақауы бар көлік құралын пайдалану;
- көлік жүргізу кезінде ұялы телефон қолдану;
- қауіпсіздік белдігін тақпау фактілері бар.
Сонымен қатар қарсы бағыттағы жолаққа шығу және тиісті құжаттарсыз көлік басқару деректері тіркелді.
Қарағанды облысы ПД патрульдік полиция батальоны командирі Медет Нұрмұхановтың айтуынша, жолаушылар қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы бақылау шаралары жүйелі түрде жалғасады. Құқықбұзушылықтарға жол берген тұлғалар заң аясында жауапкершілікке тартылуда.
Қабылданған шаралар нәтижесінде бірнеше мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілері алынып, бірқатар көлік құралдары айып тұрағына қойылды.
Полиция өкілдері азаматтарды тек заңды, қауіпсіз және тексерілген тасымалдаушылардың қызметін пайдалануға шақырады. Жолаушылар тасымалы саласындағы тәртіп пен қауіпсіздік - құқық қорғау органдарының тұрақты бақылауында.

Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл
20 февраля 2026
Қарағанды облысының түзеу мекемелерінде есірткіге тәуелділіктің алдын алу шаралары өтті

Қарағанды облысының түзеу мекемелерінде есірткіге тәуелділіктің алдын алу шаралары өтті
Қарағанды облысындағы №30 және №31 түзеу мекемелерінде өңірлік Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Қарағанды және Ұлытау облыстары бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментімен бірлесіп, профилактикалық кездесу ұйымдастырды. Іс-шараның басты мақсаты – есірткінің зиянды салдары туралы түсіндіру жұмыстарын күшейту, заңсыз айналымның қауіп-қатерін нақты мысалдар арқылы жеткізу және сотталғандардың құқықтық сауаттылығын арттыру. Кездесу барысында қатысушыларға есірткі қылмыстары үшін қарастырылған жауапкершілік пен оның құқықтық әрі әлеуметтік салдары жан-жақты түсіндірілді. Мамандар сотталғандардың есірткіге қарсы берік ұстаным қалыптастыруына, қайталама қылмыстың алдын алуға және олардың қоғамға қайта бейімделуіне баса назар аударды. Бұл бастама бостандыққа шыққаннан кейінгі табысты әлеуметтік интеграцияға жол ашып, ұзақ мерзімді перспективада өңірдегі қылмыс деңгейін төмендетуге ықпал етеді. Кездесу тек ақпараттық сипатта ғана емес, мазмұнды пікір алмасу алаңы ретінде өтті. Қатысушылар салауатты өмір салтының маңызы, жеке жауапкершілік және заңға құрмет қағидаттары төңірегінде ой бөлісті. Полиция қызметкерлері мен қылмыстық-атқару жүйесінің өкілдері тәуелділік пен құқық бұзушылықтың тұйық шеңберінен шығу – саналы таңдау мен оңалту бағдарламаларына белсенді қатысудың нәтижесі екенін атап өтті.
Сонымен қатар, есірткіге тәуелділікті еңсеріп, өмірін жаңа арнаға бұрған азаматтардың табысты тәжірибелері таныстырылды. Бұл мысалдар сотталғандарға жігер беріп, заңды әрі жауапты өмір салтын таңдауға мотивация болды.

20 февраля 2026
Погон таққан адал серіктер: Қарағандының төрт аяқты сақшылары – заң мен ізгіліктің алдыңғы шебінде

Қарағанды облысы Полиция департаментінің Кинологиялық қызмет орталығында 29 бірегей топ қызмет атқарады. Бұл – адам мен иттің мінсіз үйлесім тапқан кәсіби одағы. Төрт аяқты сақшылар жай ғана жануар емес, жылдар бойы үздіксіз жаттығудың нәтижесінде шыңдалған, қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге маманданған білікті «қызметкерлер».
Олардың атқаратын міндеттері сан алуан: қылмыскердің ізіне түсу, есірткі мен өзге де қауіпті заттарды анықтау, қоғамдық тәртіпті сақтау, құқық бұзушыларды ұстау. Әр операция – жоғары дайындық пен өзара сенімнің жемісі. Ал атқарылған жұмыстың нәтижесі нақты статистикамен айқындалады.
Өткен жыл кинолог мамандар мен олардың сенімді серіктерінің кәсібилігі мен жанқиярлығын тағы бір мәрте дәлелдеді. Қызметтік иттердің көмегімен «ізін суытпай» 132 қылмыс ашылды. Сонымен қатар есірткінің заңсыз айналымына қатысты 20 құқық бұзушылық анықталып, 516 келіден астам есірткі заты және 489 келі синтетикалық психотроптық зат тәркіленді.
Иіс арқылы іздестіру бағытында да елеулі нәтижелер бар. Жалпы 101 қылмыс ашылып, пәтер ұрлықтары әшкереленді, сондай-ақ хабар-ошарсыз кеткен азаматтар дер кезінде табылды. Бұл – әрбір қызметтік ит пен оның тәлімгерінің үйлесімді еңбегінің нақты көрсеткіші. Аталған деректерді Қарағанды облысының ПД Кинологиялық қызмет орталығының бастығы Айдар Абдрасилов атап өтті.
Төрт аяқты сақшылардың қызметі жедел-іздестіру жұмыстарымен ғана шектелмейді. Олар профилактикалық іс-шараларға белсенді қатысып, көпшілік алдында өз шеберліктерін көрсетеді. Мұндай кездесулер жас буынның құқық қорғау органдарына деген сенімін арттырып, патриоттық тәрбиеге оң әсерін тигізуде.
Орталық жұмысының маңызды бағыттарының бірі – канистерапия. Бұл ерекше қажеттіліктері бар балаларды оңалтуға және әлеуметтік бейімдеуге бағытталған тиімді әдіс. Төрт аяқты «еріктілердің» қатысуы балаларға қуаныш сыйлап қана қоймай, олардың сенімін нығайтып, қоғаммен байланысын күшейтуге ықпал етеді. Бұл – кәсіби қызметпен қатар адамгершілік миссияның да айқын көрінісі.
Соңғы жетістіктер кинологиялық қызметтің жоғары дайындық деңгейі мен іске адалдығын тағы бір мәрте дәлелдеді. Айдар Абдрасиловтің мәліметінше, тек өткен айдың өзінде 26 қылмыс ашылып, жоғалған азаматтар табылды.
Бұл көрсеткіштер Қарағанды облысы тұрғындарының қауіпсіздігі мен тыныштығын қамтамасыз етуде кинологиялық қызметтің айрықша рөл атқаратынын айқын көрсетеді.

Әкімшілік полиция
19 февраля 2026
Қарағанды облысында жол қауіпсіздігіне бақылау күшейтілді: өрескел құқық бұзушылықтардың жолы кесілді

Қарағанды облысында жол қауіпсіздігіне бақылау күшейтілді: өрескел құқық бұзушылықтардың жолы кесілді. Қарағанды облысының Полиция департаментінің патрульдік полициясы өңірдегі жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жол-көлік оқиғаларының алдын алу бағытындағы жұмысты күшейтті. Тұрақты түрде ұйымдастырылатын рейдтік іс-шаралар апатқа себеп болатын құқық бұзушылықтарды дер кезінде анықтауға және олардың жолын кесуге бағытталған. «Қорғау» заманауи ақпараттық жүйесі арқылы жүйелі түрде ереже бұзатын жүргізушілер ерекше бақылауға алынуда. Рейдтер барысында қызметкерлер жүргізушілер мен көлік құралдарын жан-жақты тексереді. Атап айтқанда, құқық белгілеуші құжаттар мұқият қаралып, жүргізушілермен профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Негізгі мақсат – азаматтардың жолдағы жеке жауапкершілігін арттыру, көлікті қауіпсіз жүргізу мәдениетін қалыптастыру және өңір жолдарындағы қауіпті азайту. Мәселен, ағымдағы жылдың 17 ақпанында республикалық маңызы бар «Қарағанды–Аягөз–Тарбағатай–Бұғаз» автожолының 60-шақырымында Kia K7 автокөлігі тоқтатылды. Тексеру барысында жүргізушінің көлік құралын басқару құқығынан бұрын айырылғаны анықталды. Сот шешімімен құқық бұзушыға айыппұл салынды. Сол күні Қарағанды қаласында 22 жастағы жергілікті тұрғын басқарған ВАЗ 2107 автокөлігі тоқтатылды. Құжаттарды салыстыру кезінде көліктегі VIN-код пен техникалық паспорттағы деректердің сәйкес келмейтіні белгілі болды. Аталған дерек бойынша материалдар тиісті процестік шешім қабылдау үшін сотқа жолданды. Өрескел құқық бұзушылық жасаған жүргізушілердің көліктері мамандандырылған айып тұрағына қойылды. Полиция жол қозғалысына қатысушыларды заң талаптарын қатаң сақтауға, жолда барынша мұқият әрі жауапты болуға шақырады.

Криминалдық полиция
18 февраля 2026
Қарағандыда 28 жастағы алаяқ танысын 1 миллион теңгеден астам несиеге батырып кеткен

Қарағандыда 28 жастағы алаяқ танысын 1 миллион теңгеден астам несиеге батырып кеткен
Қарағанды қаласында 59 жастағы тұрғын 28 жастағы танысына сенім артып, салдарынан өзіне ресімделген ірі көлемдегі несиені өзі өтеуге мәжбүр болып отыр. Өткен жылдың қыркүйек айында жас жігіт жәбірленушінің сеніміне кіріп, оның атына несие ресімдеген. Алаяқ ай сайынғы төлемдерді өзі өтейтінін айтып уәде берген. Алайда төрт ай өткен соң жәбірленуші қарыздың толықтай өз мойнына жүктелгенін анықтаған. Келтірілген материалдық шығын көлемі 1,2 миллион теңгені құрады. Аталған факт бойынша Жаңа Майқұдық полиция бөлімінде қылмыстық іс қозғалды. Тергеу жұмыстарын жүргізу барысында күдікті ұсталды. Белгілі болғандай, ол сенімге кіріп, қаражатты иемденгеннен кейін Қарағанды қаласынан кетіп, елордаға жасырынған.
Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері күдіктінің осыған ұқсас өзге де қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр.

Социальные сети
Меню подвал
Экран дикторы
Терминдер мен қысқартулар
Құпиялылық саясаты
Ашық деректердің интернет-порталында ақпаратты орналастыру қағидалары
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
ҚР Премьер-Министрінің сайты
ҚР Президентінің сайты