«Жасөспірім» жедел профилактикалық іс-шарасы аясында кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс пен құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында №20 орта мектептің оқушылары үшін Жедел басқару орталығында ашық есік күні ұйымдастырылды.
Іс-шара барысында оқушылар заманауи құралдармен жабдықталған жедел басқару орталығының жұмысымен танысты. Оларға орталықтағы бейнебақылау жүйесінің мүмкіндіктері мен оның қоғамдық тәртіпті сақтау және құқықбұзушылықтың алдын алудағы маңызды рөлі кеңінен түсіндірілді. Бейнебақылау операторлары нақты уақыт режимінде қала көшелеріндегі жағдайды бақылап отырғанын және туындауы мүмкін төтенше жағдайларға жедел әрекет ету мүмкіндіктерін көрсетті. Сонымен қатар, тәртіп сақшылары полиция қызметінің тәулік бойы жауапкершілікке негізделген күрделі әрі маңызды жұмысы туралы баяндап берді.
Бұл шара жасөспірімдерге құқық қорғау саласының маңыздылығын ұғынуға, олардың құқықтық сауатын арттыруға және полиция қызметіне деген құрметін қалыптастыруға ықпал етті.