Ювеналды полиция инспекторының бір күні: құқықтық тәрбие – мектептен басталады

Ювеналды полиция инспекторының бір күні: құқықтық тәрбие – мектептен басталады

Мектеп инспекторларының қызметі - жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу. Олардың көмегімен оқушылар қоғамдық тәртіптің негіздерін түсіне бастайды. Атырау қаласы полиция басқармасы №1 қалалық бөлімінің аға учаскелік полиция инспекторы полиция капитаны Шынар Нұршанова осы салада бес жылдан бері еңбек етіп келеді. Қызметі таңғы 08:30-да өзіне бекітілген мектептен басталады. Мектеп инспекторы ретінде оқушылармен құқықтық түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, жолда жүру ережесі, сабақ үлгерімі, тәртібі және тұрмысы қолайсыз отбасылардағы балалардың жағдайын назарда ұстайды.

— Аумағымда бірнеше жайсыз отбасы мен қараусыз жүрген жасөспірім бар. Олардың жағдайын үнемі бақылауда ұстаймын. Кешкі сағат 22:00-ден кейін түнгі рейдтерге шығамыз. Жасөспірімдердің заңды өкілінсіз жүргені анықталса, әкімшілік хаттама толтырып, кей жағдайда бейімдеу орталығына орналастырамыз, — дейді полиция капитаны.

Шынар Нұршанованың айтуынша, басты міндет — құқық бұзушылықтың алдын алу. Ол мектептер мен колледждерде дәріс оқып, жасөспірімдерге заңды түсіндіреді. Алкоголь, темекі өнімдерін кәмелетке толмағандарға сатқан дүкендерге де шара қолданылады.

— Жасөспірімдерді уақытылы назарға алып, қылмыстық жолға түспеуге бағыт беру – біздің жұмысымыздың нәтижесі. Полиция қызметі – тәртіп пен жауапкершілікті талап етеді. Бұл — Отан алдындағы адал қызмет, — дейді ювеналды полиция инспекторы Шынар Нұршанова.