Құрметті ата аналар!

Құрметті ата аналар!
Бүгінгі үндеуімді жариялай отырып, мен, бала тәрбиесіне және олардың қауіпсіздігіне қатысты проблемалық мәселелерді жеткізгім келеді. Балалардың түнгі уақытта ата-анасыз көшеде жүруі, ауылдық аймақтардан қалаға білім алуға келген балалардың еркіндікті сезініп, үлкендердің бақылауынсыз қалуы - олардың қылмыс құрбаны болуына немесе топтасқан төбелестерге қатысуына әкелуде.
 
2025 жыл — Профилактика жылы болып жариялануына байланысты, 10 сәуір мен 6 мамыр аралығында республика көлемінде «Жасөспірім» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Қазіргі таңда 13 күн ішінде ішкі істер органдарына барлығы 805 жасөспірім жеткізілді. Оның ішінде 14 жасөспірім қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін ұсталған. Сонымен қатар, 710 бала ата-анасының еріп жүруінсіз көшеде жүргені үшін анықталды. Ата-аналық міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін 107 заңбұзушылық бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылып, жауапты тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Кәмелетке толмағандарды ойын-сауық мекемелеріне кіргізу дерегі бойынша 11 құқық бұзушылық тіркеліп, сол жерлерде жүрген 17 жасөспірім анықталды. Сондай-ақ, 27 жасөспірім ұсақ бұзақылық жасаған.
Қазіргі таңда Департамент басшысының төрағалығымен жедел жұмыс тобы құрылып, іс-шараның талапқа сай өтуі қатаң бақылауға алынған.
 
Атап айтқанда жолдардағы қауіпсіздік, көп қабатты үйлердің терезесінен құлауы, балалардың ғаламтордағы бос уақытын қадағаламау, әр түрлі әлеуметтік желілерде бейтаныс адамдармен қарым-қатынасы, қаңғыбастықпен айналысуы, өз бетінше қыдыруы, нашақорлық мәселесі,оның ішінде есірткі тасымалдау, құмар ойындарға тәуелділік, яғни «лудомания» тағы басқа әртүрлі құқық бұзушылықтар орын алуда. Барлық білім беру ұйымдарында құқықтық тақырыпта түсіндірме жұмыстары жүргізіліп отырсада, өкінішке орай келеңсіз жағдайлар тәулік сайын тіркеліп отыр.
Балаларыңыздың кез келген әрекеті үшін Сіздерге Заң алдында үлкен жауапкершілік көзделгенін ескерте отырып, олардың жарқын болашағын қалыптастыру үшін, әр ата-ана бала тәрбиесімен тиісті деңгейде айналысып, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге шақырамын!