«Нар тәуекел-ер ісі»: мұз ойығынан жасөспірімдерді құтқарған учаскелік полицей- Нұрсұлтан Серікұлы

«Нар тәуекел-ер ісі»: мұз ойығынан жасөспірімдерді құтқарған учаскелік полицей- Нұрсұлтан Серікұлы
Ерлік көрсеткен батырларды мадақтау, олардың ерен еңбегін көпке жариялау – бүгінгі біз үшін парыз. Бүгінде арамызда ерен еңбектің үлгісін көрсетіп, қызметтік міндетін адал атқарып жүрген тәртіп сақшыларының шоғамдағы түрлі құқықбұзушылықтың жолын кесіп алдын алуда иықтағы шеніне артылған міндетте, жүкте көп. Себебі әрбір жеке тұлға өзінің қауіпсіздігін сақтауда тәртіп сақшысына ерекше сенім артады. Ал сол халқының артқан сенімін ақтап, қордаланған өзекті де өткір мәселелерін оңтайлы шешуде бар күшін жұмылдырып, дүрбелең кездерде бастарын бәйгеге тігіп, өз міндеттерін мінсіз орындап жүрген полиция қызметкерлер саны жетерлік. Солардың бірі Атырау қаласының полиция басқармасы №2 қалалық полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы полиция капитаны Нұрсұлтан Кеңесовты айта аламыз.
Нұрсұлтан Серікұлы 1992 жылы Атырау қаласы Индер ауданында дүниеге келген. Бойына парасаттылық пен патриоттық сезімін сабақтастыра білген учаскелік полиция инспекторы Ақтөбе заң институтының түлегі. Кейін полиция қызметіне деген қызығушылығына әкесі себепкер болып, Ішкі істер органына қызметке орналасуға бар күш жігерін арнайды. Ойлаған мақсатын жүзеге асыра білген Нұрсұлтан 2012 жылдан бастап иығына шен тағып, алғашқы еңбек өтілін бастаған сәттен бастап өзінің жұмысқа деген ынтасының арқасында түрлі марапаттарды иеленген. Адам өміріне қауіп төніп тұрса, құтқаруға тырысатын тәртіп сақшылары қиын-қыстау сәтте өз өмірін ойламасы анық. Мәселен, 7 наурыз күні сағат 18:30 шамасында ол әріптестерімен бірге Жайық өзенінде 2 жасөспірімнің мұз ойығына түсіп кеткенін байқап, дереу көмекке келген. Судан құтқарушылар жасағы келіп жеткенше патрульдік полицейлер жасөспірімдерге арқан жіп жеткізіп, өздерінің беліне байлап, балалардың суға батып кетуіне жол бермеген. Санаулы уақытта адам өміріне араша түспесе тілсіз жауды жеңе алмайтынын түсінген тәртіп сақшылары мен Төтенше жағдайлар департаментінің сүңгуірлері 2007 ж.т. жасөспірімдерді дер кезінде жағаға шығарып, алғашқы медициналық көмек көрсеткен.
- Біздің міндетіміз қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Сондай-ақ, қиын сәттерде нар тәуекел-ер ісі демекші, қызметте түрлі жағдайға тап болған адамдарға барынша қолдан келген көмекті аямаймыз. Себебі, халықтың қошеметін, алғысын алу жұмысқа деген ынта мен сенімді одан әрі арттырады,-дейді Атырау қаласының полиция басқармасы №2 қалалық полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы Нұрсұлтан Серікұлы.
Намыс пен рухты бір арнаға түйістіріп, көпшілікті ұры-қары жаудан қорғаймын деп серт еткен полиция қызметкерлерінің қайсар мінезі мен өзгелер біле бермейтін батыл әрекеті көпке үлгі болары анық.