Кәсібиліктің келбеті - полицияның кезекші бөлімі

Кәсібиліктің келбеті - полицияның кезекші бөлімі
Әрбір полиция бөліністері жұмысты кезекші бөлімнен бастайды. Кезекші бөлім қызметкерінің жедел әрекеті мен оның кәсіби қабілеті - қылмыстың ізін суытпай ашылуы, сондай-ақ адамның денсаулығы мен өмірін аман сақтауға септігін тигізеді. Сондықтан кезекші бөлімнің қызметі өте маңызды және басты назарда. Кезекші бөлімге әртүрлі адамдар жүгінеді. Тәулік бойы түскен арыздар мен шағымдар кезекші бөлімде тіркеледі, қажет болған жағдайда оқиға орнына кезекші жедел-тергеу тобы жөнелтіледі. Мәселен, Атырау облысы полиция департаментіне қарасты барлық бөліністерде үздіксіз кезекші бөлімдер жұмысы ұйымдастырылған. Тәулік ішінде орта есеппен 250-ге жуық түрлі ақпарат түседі. Қазіргі таңда жиі кездесетіні - ұрлық, жол-көлік оқиғасы, ұсақ бұзақылық, отбасылық жан-жал, интернет-алаяқтық, есірткінің айналымындағы қылмыстық құқық бұзушылықтар. Бірақ, қандай ақпарат болса да оған кезекші бөлім қызметкері уақытылы ден қояды. Тағат таппайтын, сағат тілімен санаспайтын қызметте аянбай тер төгіп жүргендердің бірі - полиция подполковнигі Тілекберген Мертайұлы.
- Бұл салада спортқа деген қызығушылығым маған көп септігін тигізді. Көптеген жүгіру марафондарында чемпион болған кездерім де бар. Тоқсаныншы жылдардың басында қатарластарыммен бірге азаматтық борышымды абыроймен атқарып келдім. Шымыр да батыл жігіттер ішкі істер органдарына қашан да қажет. Осылайша 1997 жылы сол кездегі Атырау облысының Мамандандырылған Күзет қызметі бөліміне полицей болып қызметке орналастым. Ал, 2007 жылдан бері Атырау облысы полиция департаменті Штаб басқармасының кезекші бөлім бастығының көмекшісі жедел кезекші қызметін атқарып келемін деген полиция подполковнигі мамандығына адал болу маңызды деп есептейді. Кезекші тәулік барысында түрлі жәйттердің куәгері болатын бұл сала мамандарына психологиялық-моральдық тұрғыда сақадай-сай дайын тұру - басты талаптардың бірі. Себебі полицияның жүйелі іс-әрекетінің алғашқы сиясы мен ақпараты осы бөлімнен бастау алады.
Тілекберген Мертайұлының жеткен жетістіктері де аз емес, ІІО айрықша қызметі үшін II дәрежелі «Ішкі істер органдарының үздігі» төс белгісімен және басқа да марапаттарымен наградталған .
Бүгінде полиция подполковнигі шаңырақтың асқар тауы, 6 баланың әкесі. Ішкі істер органдары қызметінің ауырлығына қарамастан бала тәрбиесіне де уақыт табады.
Әріптестеріне үнемі үлгі-өнеге көрсетіп жүретін Тілекберген Мертайұлы «Жас полицейлер ең алдымен өз ісіне адал болса деймін. Кәсібіне кір келтірмеу үшін адалдық керек. Біздің жұмысымыздың ең басты көрсеткіші – халықтың бізге деген сенімі»-дейді.