Әлем чемпионатында ел намысын Аида қорғайды

Әлем чемпионатында ел намысын Аида қорғайды
Қазіргі таңда полиция қызметкерінің нысанды формасын киген нәзік жандылардың спортқа деген қызығушылықтарын ерекше аңғаруға болады. Олар бүгінде ер азаматтармен қатар иық тірестіріп, қоғам тыныштығын білек сыбана қамтамасыз ету жолында өздерінің өлшеусіз үлесін қосып келеді. Солардың қатарына сұлулық пен нәзіктіліктің символына айналған, тәртіп сақшылары арасынан қарапайымдылық пен қайсарлығымен көзге түскен әлем чемпионы Айда Хайруллинаны мақтанышпен айтуға болады.
Ол 2023 жылдың 16-18 маусым күндері аралығында Астана қаласында Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында өткізілген қоян-қолтық ұрыстан екі бағдарлама бойынша 32 елден келген 300-ден астам спортшы арасынан бағын сынап, 70 келі салмақ дәрежесінде әлем чемпионы атанып келді. Осылайша әлемдік деңгейде ұйымдастырылған VII чемпионатында Атырау қаласының намысын қорғаған полиция қызметкерімен бізде емен-жарқын әңгіме өрбіткен едік.
-Аида Хайруллина, жергілікті жұрт сіздің спорт саласындағы жеткен жетістігіңізді жақсы біледі. Ең әуелі әуесқой спортқа қалай келгендігіңіз жөнінде тоқталып өтсеңіз...
- 2016 жылы Мұнайшы спорт кешеніне әкем алып келіп “Қайсар” спорт клубының Муай-тай секциясына сол кездегі бапкерім Айбат Рахманға тапсырды. Сол күні әкем қолыма перчатка кигізіп залға кіргізіп жіберді. Ол кезде спорттан еш хабарым жоқ мен, бапкерім білмей, спаррингтен бір шықтым. Сол мезетте менімен бірге шыққан қарсыластарым бұрыннан бұл спорт түрімен шұғылданатын шыңыр денелі спортшылар мені спаррингте бір ұрып құлатты. Сөйтіп, кешкі аста отбасым алғашқы жаттығудан кейінгі сезінген әсерімді сұрады. Мен іштей ұтылғаныма намыстанып отырсамда, сыр білдірместен өзімнің мықты екенімді дәлелдеу үшін Муай-тай ұнады, сөзсіз қатысамын дедім. Сол кезде мен өзіме қарсыластарымнан асқан мықты спортшы боламын деп сөз бердім.
- Арғы тегіңізде спортшылар бар ма? Осынша қара күшке ие болудың, қайраттылықтың сыры неде? Сондай-ақ, осы салаға ең алғаш келгендегі жүлдемен оралған жеңісті күндеріңіз бойынша бөлісе кетсеңіз?
- Әкем өзі кезінде каратэ, кикбокс, бокспен айналысқан. Бірақ ол кезде спортты қуалайтын уақытта, мүмкіндікте болмаған. Сол себепті әкем өзі жете алмаған арманына мені жетсін деген ниетпен спорт саласына алып келді. Сондай-ақ, әкем кішкентай кезімізден елде бір жағдай орын алса, отанды қорғауға шығасыңдар деп ержүректілік қасиетті бойымызға сіңіріп тәрбиелеп өсірді. Сол үшін ол спорт қыз бала үшін емес деген әңгімені ешқашанда айтқан емес. Керісінше бізге қашанда “Шынықсаң – шымыр боласың” деумен бізді демеп, алға жетелеп жүрді. Ең алғашқы жеңісім Петропавл қаласындағы Солтүстік Қазақстан Кубогі жарысында болды. Сол жарыста қатысушылар арасында бар жоғы 1 жылдық тәжірибесі бар жалғыз мен ғана бағымды сынап барған едім. Алайда, ақтық сында өзімді барша жағынан шыңдай отырып, алғашқы жарыстан Чемпион болып оралдым. Сол кезде спорт менікі екенін түсіндім.
Бірақ 2017-2018 жылдар аралығында менде нәтиже тұрақсыз болды. Қанша дайындалсам да ҚР Чемпионатын жеңе алмай жүрдім. Сөйтіп, 2019 жылы Қостанай қаласында ересектер арасында өткен муай-тайдан алғаш рет ҚР Чемпионатында жеңімпаз атандым. Сол жеңіс менің жолымды ашты. Сол жарыста ҚР спорт шебері нормативін орындадым. Сол жарыстан бері осы күнге дейін Қазақстан Чемпионы атағын сақтап келемін. Осы жолы да сол биіктіктен көрінуге шамам жетеді.
– Спортшы үшін дайындықтың маңызы зор. Жаттығу жұмыстарына қанша уақыт жұмсайсыз?
– Бізде жоспар бір жыл бұрын бекітіледі. Қай жерде қандай жарыстар өтеді? Оған қай спортшы қатысады? Соның бәрі алдын ала анықталады. Өйткені спортшы оған дайындалуы керек. Жарыс басталардан бұрын оқу-жаттығу жиындарына қатысамыз. Күніне үш уақыт жаттығамын. Таңертеңгі сағат 7-де, 10-да, содан кейін кешкі 5-те. Жалпы, жаттығуға күніне 5-6 сағатымды арнаймын. Спортшы үнемі формада болуы керек. Жоғары салмаққа өту, әзірше, ойымда жоқ. Толып кетсең, бабыңды жоғалтасың. Сондықтан күнделікті жаттығуды үзбей, әрдайым қалпымда болуым керек.
-Ұлтты әлемге танытатын бірден бір өнер тетігінің бірі спорт саласы. Алайда, жетістікке жету үшін, отбасыңның қолдауы ерекше маңызды орынға ие. Осы тұрғыда, сізді спорт саласында жеңіске жетелейтін басты жігер не деп ойлайсыз?
-Дұрыс айтасыз, қандай да бір жетістікке жету жолында отбасыңның қолдауы өте қажет етеді. Менің сол әрбір шыңға жеткен жеңісімнің артында ең бірінші Алла, екінші отбасым тұр деп айта аламын. Себебі, анам мен әпкелерім салмақ қуған кездерде бар жағдайымды жасап, пайдалы тамақтарды дайындап берсе, әкем мен ағам жаттығуға дейін аяғымды жерге тигізбей, апарып әкеліп тұратын. Сол себепті олардың маған жасаған әрбір қолдауы үшін ерекше алғысымды білдіремін.
- Өте тамаша, жалпы сіздің осы спорт саласындағы алғашқы бапкеріңіз кім? Кәсіби спортшылардың арасында өнер көрсету қиын болған жоқ па?
-Муай-тай спорт саласындағы ең алғашқы бапкерім Айбат Рахман болды. Сол кісі спорт жағынан еш хабары жоқ мені шыңдап, түрлі жарыстарға қатыстырып, биік белестерге жеткізді. Кейін 2020 жылы қызметке орналасып, 3 ай оқуға ҚР ІІМ Малкеджар Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтына барған болатынмын. Сол оқуда Ғалымжан Ақшолақов, Айбек Қосмұратов секілді бапкерлерім маған қоян-қолтық спорт түрімен таныстырып, неше түрлі жауынгерлік әрі спорттық әдіс-тәсілдерін үйреткен болатын. Кейін сол бапкерлердің үйреткен бағыты бойынша қоян-қолтық ұрысынан бастығым Жәнібек Батауұлы Шариповтың бастамасымен түрлі жарыстарға шығып бастадым. Сол кезде бастығым маған үлкен сенім артатындығын айтып, қолдау көрсетті. Кейін 2022 жылдың басында бапкеріммен сөйлесіп облыстық іріктеуге дайындалып, Атырау облысы чемпионатын ұтып, ҚР чемпионатына жолдама алдым. Сол кезде қоян-қолтық ұрыстан Атыраудың бас бапкері Хайдар Есенғалиевпен танысып, сол кісі Қазақстан Чемпионатына алып кетті. Содан наурыз айында қоян-қолтық ұрыстан Қазақстан Чемпионатын ұтып, ҚР спорт шебері нормативін орындадым. Әр жарыстан жеңіспен оралған сайын Атырау облысы полиция департаменті бастығынан марапаттау болып тұратын. Ол біздер үшін әрбір ақтық сында жеңіске деген сенімділікті арттыруда үлкен қолдау болды. Кейде, жарыстан жеңіліп, жүлдесіз оралған күндер де болды. Бірақ соған қарамастан, мен өзімді шыңдап, мақсатыма жетуге бар күшімді салдым. Соның арқасында, қазіргі таңда мен Әлем Чемпионатында 3 бөлім бойынша қатысып, 1 алтын, 1 күміс, 1 қола жүлдеге ие болдым. Осы тұста дайындығыма ат салысқан Қайсар спорт клубына, негізгі бапкерім Айбат Рахман, Нұрберен Әміржанов және қызметте барлық жағынан қолдаған командирім Жәнібек Батауұлы Шариповпен, жарыстарға қатысуға мүмкіндік берген Хайдар Есенғалиев және Ұлан Мұқашев секілді бапкерлеріме алғысым шексіз!
-Сүбелі сұхбатыңыз үшін көп рақмет. Сізге бұдан кейінде спорт саласында бағындырар белестеріңіз көп болсын деп тілек айтамыз!