Еліміздің күнделікті тыныс-тіршілігі, ондағы қылмыстық ахуал мен тұрғындардың қауіпсіздігін қадағалауда біздің полиция қызметкерлерінің арасында өзге ұлт өкілдері де кездеседі. Солардың қатарына бүгінгі тақырыбымызға негіз болған, ұлты орыс болсада, қазақ елі үшін ар-намыстың жалауын жықпастан аянбай тер төгіп жүрген полиция капитаны Антон Хороших жайында сөз өрбімек.
Жалынды жастық шағын сауық-сайранға емес, салмақты қызметке арнаған Антон Валерьевич Хороших 1994 жылдың 6 қыркүйегінде Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласында дүниеге келген.
Жалпы Қазақстан тарихындағы белгілі оқиғалардың бірі – XIX ғасырдың соңғы кезіне қарай қазақ жеріне өзге этностық топтардың көшіп келуі болды. 1990 жылдардың басында Қазақстанда 130-ға жуық ұлттар мен ұлыстар тұрақты өмір сүрген. Олардың ішінде қазақ, орыс, неміс, украин, өзбек, татар, ұйғыр, белорус, корей халықтарының үлес салмағы 95%-дан астам еді. Ал республикадағы екі негізгі этностар: қазақтар мен орыстардың үлес салмағы 77,5%-ды, жалпы саны 12 млн 760 мың адамды құрады. Жалпы қазақ халқының өсімі, жоғарыда атап көрсетілгендей, табиғи өсім мен басқа елдерден Отанына оралу үдерісімен байланысып, қазақ жеріне қоныс аударған этностық топтардың ішінде Антонның әкесі мен анасы да болған еді.
Полиция капитаны Антон Хорошихтың әкесі орыс, анасы кәріс болсада ол туылғалы қазақ ауылының шаңын жұтып, топырағына аунап өскен. Алайда, Антонды кәріске ұқсайтын қазақ жігіті деп ойлайтындар қатары да аз емес. Әріптестерінің арасында адалдықтың көзайымына айналып үлгерген Антон әрбір қазақты өз бауырындай көріп, Қазақстан топырағында туып өскенін ерекше мақтан тұтады. Тіпті, кәріс пен орыс ұлтының салт-дәстүрлері де қазақ халқына жақын екендігін байқаған ол, қазақтың орыс пен кәріс ұлтының арасында белгілі бір ұқсастықтар бар екендігін де жасырмайды. Әр кесек ойларының астарын кеңінен толғап, зерделеп отыратын жігіттің қазақша сөйлегенін көргендердің іштей риза болып қалатыны рас.
«Кедейдің кертіп жейтін жалы – білім» екенін санасына мықтап сіңірген Антон жоғары білім алуды мақсат тұтты. Осы орайда, өзінің біліміне сенімді полиция капитаны Антон Хороших қиялының қанатын қияға тербетіп, арманына жету мақсатында Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде тәлім алып, оқу орнын ойдағыдай тәмамдаған.
Кейін полиция қызметіне деген қызығушылығы артып, Ішкі істер органына қызметке орналасуға бар күш жүгерін арнайды. Ойлаған мақсатын жүзеге асыра білген Антон 2018 жылдан бастап иығына шен тағып, алғашқы еңбек өтілін Атырау қалалық полиция басқармасының Патрульдік полиция батальоны қызметінен бастаған.
Күнделікті жұмыс кестесінің тығыздығына қарамастан, Антон табиғи күші мен қайсар мінезін еңбекқорлықпен шыңдап, үнемі жетілумен келе жатқан өнегелі спортшы. Ол өзіне жүктелген міндеттермен қатар, бос уақытында кикбокс және жүзумен айналысады. Жайшылықта қарапайым, жайдары жігіт шаршы алаңда көзі жайнап, жайтаңдап, шамырқана қимылдайды. Алған жүлдесінің шарайнасын ешқашан шаң баспаған полиция капитаны Антон Хороших қазіргі уақытта кикбокс күресінен спорт шеберіне үміткер болып отыр.
Жұмыста қызметкер, әрі кәсіби спортшы болған Антон үйде екі ұлды тәрбиелеп отырған ардақты әке. Балаларын отансүйгіштікке тәрбиелеп, жанұясын сүйіспеншілікке толы болса ізгіліктің көркем сарайларының бірі деп санайтын жас қызметкердің бүгінде арманы асқақ, мақсаты айқын.
– Әйелім – қазақ қызы. Мен қазақтардың арасында туып өскендіктен, болашақ жарымды таңдауда қазақ қыздарынан өзгелерді байқаған да жоқпын. Қазір махаббатымыздың негізгі символы айналған екі ұлымыз бар. Отбасымызда тек қазақша сөйлесеміз, - дейтін полиция капитаны Антон Хороших балаларының да қазақы тәрбие алуына баса назар аударып, «Балаларым да өз елінің бір кірпіші болып қаланса екен» деп тілейді.