Қазақ халқы ежелден жеті қазынаның бірі саналатын итке ерекше құрметпен қараған. Адамның ішкі жан дүниесін түсінетін ит екеш ит те қанша уақыттан бері иесіне адал болып келеді. Десе де, кейбірі итті үйді қарауылдайтын түз тағысы деп қараса, енді бірі керісінше оларды баптап, қызмет саласында пайдалануда. Әсіресе, полиция қызметкерінің сенімді серігіне айналған жеті қазынаның бірі саналатын төрт аяқты жануардың құқық қорғау саласына қосар үлесі зор. Солардың ішінде, кинолог мамандар қылмыстың алдын алуда тілалғыш иттер асырап, дене жаттығуына үйретуде ерекше орын алады. Қызметтік иттер атқаратын өзіндік ерекшеліктеріне сай әр түрлі бағытта: із кезуші, жарылғыш заттар іздеуші, есірткі іздеуші сондай-ақ, шабуылдаушы болып қызметтерін атқарады. Қылмыстың ізін суытпай ашуда жедел әрекет етіп, жұмыс барысында батыл, адал, әрі әріптестеріне көмектесуге үнемі дайын тұратын иттер кинолог мамандармен жаттығып, түрлі дайындық кезеңдерінен өтеді. Осы ретте, олар өз иелерімен байланыс орнатып, берген тапсырманы орындауға оқиға орнына барады. Өзіне жүктелген міндеттерін жақсы деңгейде атқарған сайын төрт аяқты жануардың өзі иесінен мақтау, мадақтау күтеді. Соған сәйкес, тәртіп сақшылары арасынан кинолог мамандары да осы сала бойынша сынақтан өтсе сондай-ақ, жануармен қарым-қатынасты орнатуда, баптауға икемді болса ғана жұмысқа қабылданады.
Бүгінде Атырау облысында қылмыскерлердің ізіне түсіп, құрықтау үшін иісшіл иттердің қатысуымен жыл басынан бері 280-ге жуық қылмыс ашылған. Тәртіп сақшыларының сенімді серігіне айналған жұмыс барысында жалпы саны 15 ит қызмет атқаруда.
Солардың ішінде ең танымалы бельгиялық қызметтік ит Малыш есімді төбетті атап өткеруге болады. Малыш - иіс сезу сезімталдығы жоғары дамыған есірткі мен уытқұмарлықты анықтауға сүбелі үлесін қосқан ерекше төбет. Оған дәлел ретінде сөз етер болсақ, 2021 жылдың жазында Атырау қаласында жүргізілген жедел-іздестіру іс-шарасы кезінде Ақжар селосында маркасы Toyota Ipsum автокөлігін тінту барысында Малыш есірткі затының иісін сезіп, сол орында отыра қалып, белгі берген. Полицейлер автокөлік ішін тексеру кезінде көліктің астынғы жағына жасырылған 1 дорба есірткі қорабын тапқан. Осы ретте, құқық қорғау саласы қызметінде Малыш төбетінің қырағылығы мен кәсібилігімен көрсеткен ерліктері тек бұнымен ғана шектелмейді.
- Малыш есірткі затын іздеуде басқа хайуандарды шаң қаптырады. Жалпы бельгиялық төбеттер энергияға толы, өте шапшаң, секіріп ойнағанды ұнатады. Есірткі қылмыстарын ашуда сондай-ақ қылмыстың құрамы анықталған жағдайда Малыш өз жұмысын орындау кезінде белгі береді. Кез-келген оқиға болған жерде есірткіні дереу әрі міндетті түрде табады, -дейді Атырау кинология саласының басшысы Ринат Ержанов.
Бұдан басқа, қызмет барысында басқа да қызметтік иттердің ашқан қылмыстары, жарыстағы жетістіктері жинақталып, жеке іс-құжаттарына тіркеліп отырады. Ал екі-үш жасынан полиция құрамында жұмыс істеген иттер 8-10 жылдан соң Ішкі істер министрлігінің бұйрығымен зейнетке шығып, қызметтен босатылады.
Полиция қызметкерлерімен жұмыс жасайтын қызметтік иттер жыл сайын түрлі жұқпалы аурулардан сақтау үшін кесте бойынша дәрумендер қабылдап, түрлі ауруларға қарсы екпе алып отырады. Денсаулықтары нашарлаған жағдайда штаттық ветеринарларға қаралып, емдерін алады.Сондай-ақ, оларға құрамында май, ақуыз, кальций секілді дәрумендері бар тамақтар беріледі.