Атырауда жертөлені есірткі дайындайтын зертхана айналдырғандар ұсталды

Атырауда жертөлені есірткі дайындайтын зертхана айналдырғандар ұсталды
Атырауда 29 қыркүйек күні ҚР ІІМ Экстремизмге қарсы іс-қимыл департаменті мен Атырау облысының прокуратурасы, Атырау облысы ПД Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері мен “Арлан” арнайы жасағы бірлесіп жедел-іздестіру іс-шараларын ұйымдастырды. Нәтижесінде құрамында есірткі заттары бар, өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді өсірген үш күдіктіні анықталып, ұсталды. Олар қала аумағындағы жеке жертөлелердің бірін есірткі өсіріп, тұтынуға дайындайтын зертханаға айналдырған көрінеді. Жертөледе өсімдікті баптауға арнайы жарық, жылу, ауа алмастыру және т.б. құрылғылар орнатылған. Іс-шара кезінде шағын жылыжайдан 17 дана қарасора бұтасы тәркіленді. Күдіктілердің тұрғылықты мекен-жайы бойынша тексеріп, тінту кезінде суық қару мен марихуана есірткісін пайдалануға арналған құралдардан бөлек, ел аумағында тыйым салынған діни әдебиеттер тәркіленді. Күдіктілердің деструктивті діни ағымның ұстанушылары екендігі де белгілі болды.
Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 297 бабы 1 бөлігімен және ҚР ҚК-нің 300 бабы 2-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Қазіргі уақытта 1988 ж.т., 1985 ж.т. және 1988 ж.т. күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Өзге ақпарат Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес жариялануға жатпайды.