Атырауда Полиция департаменті мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет бірлескен жұмыс жоспарына қол қойды

Атырауда Полиция департаменті мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет бірлескен жұмыс жоспарына қол қойды
Полиция қызметкерлері халықпен тығыз байланыста, сондықтан сыбайлас жемқорлыққа барынша бейім. Мемлекет басшысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейтуге бірнеше рет назар аударды.
Осыған орай, Атырау облысы полиция департаментінде Атырау облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысы Ерлан Досановтың қатысуымен кеңес өтті. Кеңес барысында Атырау облысы полиция департаментінің бастығы полиция полковнигі Нұрхат Оразбаев пен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің басшысы Ерлан Досанов сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласында өзара қызығушылық тудыратын ақпарат алмасу, бірлескен жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу, сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне мониторинг және талдау жүргізу жөніндегі Жоспарға қол қойды.
- Сыбайлас жемқорлыққа жол беретін қызметкерлер халықтың құқық қорғау қызметіне деген сеніміне нұқсан келтіреді. Бұл халықтың және қоғамның тыныштығын қамтамасыз етуде бейтарап қызмет ететін көптеген полиция қызметкерлерінің қызметіне теріс әсер етеді. Сондықтан бүгінгі бірлескен жұмыс жоспарының тиімділігі оң нәтиже береді деп үміттенеміз,-деді Ерлан Досанов.
Кеңес барысында департамент басшылары сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмаудың маңыздылығы туралы да баяндады.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін ІІМ мен Антикорр өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойған болатын.