Кек түбі - ойран: Атырауда басшынан кек алмақшы болып, полицияға жалған хабарлама берген азамат ұсталды

Кек түбі - ойран: Атырауда басшынан кек алмақшы болып, полицияға жалған хабарлама берген азамат ұсталды
Белгісіз ер адам 17 шілде күні полицияға қоңырау шалып, құрылысы аяқталмаған зауыттардың біріне жарылғыш зат қойылғанын айтқан. Оқиға орнын полиция қызметкерлері дереу қоршауға алып, жарылғыш затты залалсыздандыратын мамандар мен иісшіл иттер арқылы тексеруге кіріскен. Алайда, нысан аумағынан ешқандай жарылғыш зат табылмаған.
Атырау облысы Полиция департаменті Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы қызметкерлері жедел іздестіру жұмыстары кезінде қоңырау шалған 38 жастағы ер адамның жалған хабарлама бергенін анықтады.
Белгілі болғандай, күдікті соңғы 4 жыл қала аумағында қызмет атқарып жүрген Ақтау қаласының тұрғыны болып шықты. Ер адам бұрын сотты болған. Ол өзін жұмыстан босатқан басшысынан өш алмақ ниетінде хабарлама бергенін айтып ақталған.
Қазіргі уақытта оған қатысты ҚР ҚК 273-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.
Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.
- Ағымдағы жыл басынан терроризм актісі туралы жалған хабарлама беру бойынша 2 дерек тіркеліп отыр. ҚР ҚК 273-бабында көзделген ретте терроризм актiсi туралы көрiнеу жалған хабарлама таратқан тұлғаға бес мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бес жылға дейінгі мерзімде бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланатынын ескертеміз,- деді, Атырау облысы Полиция департаменті бастығы полиция полковнигі Қамза Үмбетқалиев.