Учаскелік полиция инспекторының жұмыс күні кабинетте емес, халықтың ортасында өтеді. Тұрғындардың өтінішін тыңдау, мәселенің мән-жайын анықтау, құқық бұзушылықтың алдын алу және қоғамдық тыныштықты сақтау – оның күнделікті міндеті.
Осындай жауапты қызметті полиция капитаны Махамбет Ғибаратұлы Уапов 10 жылдан астам уақыттан бері абыроймен атқарып жүр. Осы кезеңде ол сан түрлі жағдайға тап болып, тұрғындардың мәселесін заң аясында шешуге атсалысты.
Махамбет Уапов алғашқы жоғары білімін «Қаржы» мамандығы бойынша алған. Алайда халыққа қызмет етуді таңдаған ол кейін М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтында «Құқықтану» мамандығын меңгеріп, өмірін құқық қорғау саласымен байланыстырды.
Учаскелік инспекторға жүктелер жауапкершілік зор. Өйткені қандай да бір мәселе туындаса, тұрғындар алдымен өз учаскесінің полиция қызметкеріне жүгінеді. Сондықтан инспектор әр азаматпен тіл табысып, оның өтінішіне мұқият қарап, заң талаптарын қарапайым әрі түсінікті жеткізе білуі қажет.
– Халықпен тікелей жұмыс істейтіндіктен, тұрғындардың сенімін ақтау – басты міндетіміз. Әр азаматтың мәселесіне бейжай қарамай, заң аясында көмек көрсетуге тырысамыз. Полиция қызметі кәсіби дайындықпен қатар сабырлылықты, төзімділікті және үнемі ізденісті талап етеді, – дейді полиция капитаны.
Махамбет Уапов үшін полиция қызметі – жай ғана мамандық емес. Бұл – ел тыныштығына жауап беру, азаматтардың қауіпсіздігін қорғау және халық сеніміне адал болу.
Халыққа жақын полицияның бейнесі күнделікті адал еңбекпен қалыптасады.