6 қыркүйек – Анықтау қызметі күні қарсаңында полиция қызметкерлері арасында спорттық сайыстар өтті. Шараға Атырау облысы полиция департаменті, Атырау қаласы полиция басқармасы, №1 және №2 қалалық полиция бөлімдерінің қызметкерлері, сондай-ақ Атырау облысының прокуратурасы қатысты. Қызметкерлер кіші аяқ добы, эстафеталық жарыс, жүгіру және арқан тартудан өзара бақ сынады. Спорттық сайыстардың басты мақсаты – полиция қызметкерлерінің спортқа деген қызығушылығын арттыру, салауатты өмір салтын насихаттау, командалық рух пен әріптестік ынтымақтастықты нығайту.
Жарыс қорытындысы бойынша эстафеталық жарыстан – Атырау облысының прокуратурасы, жүгіруден – Атырау қаласы полиция басқармасының №2 қалалық полиция бөлімі, ал кіші аяқ добы мен арқан тартудан – Атырау облысы полиция департаментінің Анықтау басқармасы жүлделі бірінші орынға ие болды.
Биыл Анықтау қызметіне – 35 жыл. Айтулы мереке қарсаңында Атырау облысы полиция департаменті бастығының орынбасары полиция полковнигі Ғалым Байжанов қызметкерлерді кәсіби мерекелерімен құттықтап, ҚР Ішкі істер министрінің, Атырау облысы әкімінің және Атырау облысы полиция департаменті бастығының алғыс хаттарын табыс етті.
- Анықтау қызметі – қылмыстық істердің әділ қаралуына ықпал ететін маңызды буын. Бүгінгі мерекеде әріптестерімді шын жүректен құттықтаймын. Қызметте абырой мен жетістік тілеймін. Сіздердің адал еңбектеріңіз қоғам қауіпсіздігі мен әділдікті қамтамасыз етуге бағытталған. Сондықтан ел сенімін ақтау – біздің басты міндетіміз, – деді полиция полковнигі Ғалым Байжанов.