Атырау облысы полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Оңал Бекеев қызметтік міндеттерін абыроймен атқарып, кәсібилік пен батылдық танытқан полиция қызметкерлерін марапаттады.
Салтанатты жиында Қытайда өткен NAIZA Diamond Fight Night халықаралық турнирінде жеңіске жеткен Жылдам қимылдайтын арнайы жасақ инспекторы, полиция капитаны Елдар Отаралы ерекше атап өтілді. Ол қызметтегі міндетін спорттағы жоғары жетістігімен ұштастырып, халықаралық додада ел намысын абыроймен қорғады. Сонымен қатар, 12 тамыз күні азаматтың денсаулығы күрт нашарлаған сәтте алғашқы көмек көрсетіп, оның қауіпсіздігін қамтамасыз еткен Жылдам қимылдайтын арнайы жасақтың аға инспекторы, полиция капитаны Азат Шынбай мен полиция аға лейтенанты Еркебұлан Қуанғалиевке алғыс хат табысталды.
Тәртіп сақшылары азаматтың жағдайын байқап, уақыт жоғалтпай әрекет еткен. Олар ер адамды қауіпсіз қалыпқа орналастырып, жағдайын бақылауда ұстап, тиісті көмек келгенге дейін жанынан табылды. Полицейлердің бұл әрекеті қызметтік міндетті орындаумен қатар, адам өмірі мен денсаулығына деген жауапкершіліктің нақты көрінісі болды.
Департамент бастығы марапат иелерін құттықтап, олардың қызметтегі жауапкершілігі мен кәсібилігін атап өтті. Оңал Бекеев полиция қызметкері үшін кез келген жағдайда сергектік танытып, азаматтарға көмек көрсету мен ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету басты міндеттердің бірі екенін жеткізді.