Тергеу құпиясын сақтау не үшін маңызды?

Тергеу құпиясын сақтау не үшін маңызды?
Қылмыстық процеске қатысатын әрбір адам – жәбірленуші, күдікті, куә немесе қорғаушы болсын – сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерін жария етпеу туралы арнайы қолхат береді. Кейбір азаматтар мұны жай ғана формальды талап деп қабылдауы мүмкін. Алайда тергеп-тексеру материалдарын заңсыз жария ету – заң талаптарын бұзу болып табылады және бұл үшін ҚР ҚК 423-бабына сәйкес қылмыстық жауапкершілік көзделген.
 
Заң не дейді?
 
ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректері жария етуге жатпайды. Олар прокурордың немесе сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның рұқсатымен ғана және рұқсат етілген көлемде жария етілуі мүмкін. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерін жария еткені үшін, тиісті жауапкершілік туралы ескертілген тұлғаға ҚР ҚК-нің 423-бабында:
2000 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға;
сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға;
не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
 
Бұл іс жүзінде қалай көрінеді?
1️⃣ Әлеуметтік желіде жариялау
Мысалы, азаматшаға алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық іс тіркелді. Тергеу барысында одан сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерін жария етпеу туралы қолхат алынды. Алайда ол істің барысын «жеделдету» мақсатында Instagram желісінде іс материалдарының скриншоттарын, хат алмасуларды және күдіктінің жеке деректерін жариялады.
Бұл – заң талаптарын бұзу. Тергеу материалдарын әлеуметтік желіде жария етуге жол берілмейді. Мұндай әрекет тергеудің қалыпты жүргізілуіне кедергі келтіріп, дәлелдемелердің жойылуына немесе іске қатысы бар тұлғалардың әрекеттерін өзгертуіне ықпал етуі мүмкін.
2️⃣ Ақпаратты үшінші тұлғаларға беру
Жәбірленушінің өкілі немесе қорғаушы сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерін жария етпеу туралы ескертілгеніне қарамастан, тергеу барысына қатысты мәліметтерді, жауап алу нәтижелерін немесе сараптама қорытындыларын тергеушінің тиісті рұқсатынсыз үшінші тұлғаларға немесе бұқаралық ақпарат құралдарына берсе бұл да заң талаптарын бұзу болып табылады.
Қорғаушының немесе өкілдің процессуалдық мәртебесінің болуы оны заңда белгіленген жауапкершіліктен босатпайды.
3️⃣ Тергеу барысын басқа тұлғалармен талқылау
Мысалы, күдікті сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерін жария етпеу туралы қолхат бере отырып, тергеу барысында жүргізілген әрекеттердің мән-жайларын іс бойынша ықтимал куәлар болып табылатын таныстарына жеткізсе тергеу құпиясын бұзу ретінде бағалануы мүмкін.
 
Тергеу құпиясын сақтау не үшін қажет?
 
🔹 Азаматтардың құқықтарын қорғау үшін. Жеке деректердің, дәрігерлік немесе коммерциялық құпияның мерзімінен бұрын жария болуына жол бермейді.
🔹 Тергеудің объективті жүргізілуін қамтамасыз ету үшін. Дәлелдемелердің жойылуына, куәларға қысым көрсетілуіне немесе іске қатысы бар тұлғалардың алдын ала келісіп әрекет етуіне жол бермейді.
🔹 Қылмыстық істің жан-жақты әрі объективті тергелуі үшін. Тергеу органдарына қажетті дәлелдемелерді заң талаптарына сәйкес жинауға мүмкіндік береді.
 
Есте сақтаңыз! Егер сізден ҚР ҚК-нің 423-бабында көзделген жауапкершілік туралы ескертіле отырып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерін жария етпеу туралы қолхат алынған болса, тергеу материалдарын, іс бойынша мәліметтерді және өзге де деректерді жариялауға жол бермеңіз.
 
Тергеу барысына құрметпен қарап, заң талаптарын сақтаңыз!