Атырау қаласы полиция басқармасының патрульдік полиция қызметкерлері жедел жәрдем, жолаушылар тасымалы және Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлерімен бірлесіп жол қауіпсіздігіне арналған профилактикалық автошеру ұйымдастырды. Акция барысында жол-көлік оқиғасына ұшыраған автокөлік эвакуаторға тиеліп, қала көшелерімен жүргізілді. Бұл шара жол қозғалысына қатысушылардың назарын жол қауіпсіздігіне аударып, жол-көлік оқиғаларының ауыр салдарын көрсетуге бағытталды.
Айта кетейік, жыл басынан бері Атырау қаласы аумағында 750-ге жуық жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 1000-нан астам адам түрлі дене жарақатын алған. Осыған байланысты полиция жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, жылдамдық режимін бұзбауға және жолдағы қауіпсіздікке жауапкершілікпен қарауға шақырады.