500-ден астам ақпараттық жадынама таратылды: Атырауда адам саудасына қарсы акция өтті

500-ден астам ақпараттық жадынама таратылды: Атырауда адам саудасына қарсы акция өтті
30 шілде – Дүниежүзілік адам саудасына қарсы күрес күніне орай Атырау облысы полиция департаменті Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері «Адам саудасын бірге тоқтатамыз!» атты ақпараттық-түсіндіру акциясын өткізді. Акция аясында Атырау қаласы аумағындағы құрылыс алаңдарында, шаруа қожалықтарында, әуежайда және кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығында тұрғындармен түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар қала көшелеріндегі LED экрандар арқылы адам саудасының алдын алуға бағытталған бейнероликтер көрсетілді.
Іс-шара барысында полицейлер азаматтарға адам саудасының қауіптілігі, оның негізгі түрлері мен белгілері, алаяқтардың адамдарды алдап-арбау тәсілдері туралы жан-жақты ақпарат беріп, күмәнді жұмыс ұсыныстарына сақтықпен қарау, жеке құжаттарды бөгде адамдарға бермеу және құқықтық қауіпсіздік талаптарын сақтау қажеттігін түсіндірді. Сондай-ақ, тұрғындарға 500-ден астам жадынама таратылды. Басты мақсат – адам саудасының құрбанына айналу қаупінің алдын алу және қоғамның осы мәселеге деген назарын күшейту.
Тәртіп сақшылары адам саудасына қатысты қандай да бір ақпарат белгілі болған немесе күмәнді жағдайға тап болған жағдайда дереу құқық қорғау органдарының 102 арнасына хабарласуға шақырады.