2025 жылғы 16 қыркүйектен бастап Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне жаңа 232-1-бап енгізілді. Бұл бап дропперлік деп аталатын интернет-алаяқтық әрекеттері үшін қылмыстық жауапкершілікті көздейді. Яғни, банк шотын, картасын немесе өзге де төлем құралдарын басқа адамға беру, заңсыз ақша аударымдарына қатысу — енді ауыр қылмыс болып саналады.
Дропперлік — бұл жай құқықбұзушылық емес. Бұл — ұйымдасқан қылмыстық топтардың, халықаралық алаяқтық схемалардың негізгі тетігі. Олардың басты мақсаты — сіздің атыңызды пайдаланып, өзге біреудің ұрланған ақшасын заңдастыру.
Бүгінде біз көптеген жағдайларда азаматтарымыздың аңғалдықпен немесе «оңай табыс» үмітімен өздерінің банктік шоттарын, карталарын бөтен адамдарға бергенін анықтап отырмыз. Көп жағдайда олар өздерінің қылмысқа қатысып жатқанын да түсінбей жатады. Алайда заң алдында мұндай әрекет үшін нақты жауапкершілік қарастырылған.

Бүгіннен бастап әр азамат мынаны есте сақтауы тиіс:
Өз картаңызды, банк шотыңызды немесе цифрлық банкинг деректерін үшінші тұлғаға беруге болмайды;
«Ақша табуға көмектесем», «картаны бере тұршы», «жөнелтіп берші» деген ұсыныстар — алаяқтық схемалардың классикалық әдісі;
Дроппер болу — сізді қылмыстық жауапкершілікке тартуға жеткізетін ауыр қадам.

Сіздің банктік деректеріңіз — тек жеке меншігіңіз. Бұл сіздің қаржылық қауіпсіздігіңіз және заң алдындағы жауапкершілігіңіз.
Құқық қорғау органдары, оның ішінде Киберқылмыспен күрес басқармасы осындай қылмыстарға қарсы жүйелі түрде жұмыс жүргізіп келеді. Біз интернет-алаяқтықпен күрес бағытында профилактикалық, ақпараттық және жедел-іздестіру шараларын күшейттік.

Егер сіз күдікті әрекетке тап болсаңыз немесе біреулер сізге шотыңызды, картаңызды пайдалануды ұсынса — бірден банкке немесе полицияға хабарласыңыз.
Қауіпсіздік — ортақ іс. Сіз бен біздің сергектігіміз арқылы ғана киберқылмыстың алдын алуға болады.