Атырауда шомылу маусымы кезінде тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және судағы жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында жағажайларда профилактикалық рейд ұйымдастырылды.
Іс-шараға Атырау облысы полиция департаментінің Профилактикалық жұмысты үйлестіру басқармасы, Балық қорына қылмыстық қолсұғушылыққа қарсы күрес бөлімі, Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің Төтенше жағдайларды жою басқармасы, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, блогерлер мен қоғам белсенділері қатысты.
Рейд барысында полиция қызметкерлері мен құтқарушылар жағажай аумағын аралап, демалушыларға қауіпсіздік талаптарын түсіндірді. Азаматтарға балаларды қараусыз қалдырмау, тек рұқсат етілген орындарда шомылу және қауіпсіздік ережелерін сақтау қажеттігі ескертілді.
Сонымен қатар, рейд кезінде белгіленбеген жерде суға түскен 3 азамат анықталып, оларға қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылды. Ал жыл басынан ортақ су пайдалану қағидаларын бұзған 272 тұлға анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Атырау облысы полиция департаменті Профилактикалық жұмысты үйлестіру басқармасының бастығы полиция полковнигі Роман Ермұхановтың айтуынша, судағы қайғылы оқиғалардың басым бөлігі қауіпсіздік талаптарын сақтамау салдарынан орын алады.
– Жаз мезгілінде су айдындарында демалу кезінде әр азамат өз өмірі мен жақындарының қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауы қажет. Тұрғындарды арнайы жабдықталған жағажайларда ғана шомылуға, балаларды қараусыз қалдырмауға және белгіленген талаптарды қатаң сақтауға шақырамыз. Мұндай профилактикалық іс-шаралар алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасады, – деді ол.
Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаменті Төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Айбек Құспанғалиев шомылу маусымында «Балалардың қауіпсіздігі» акциясы аясында күшейтілген рейдтік жұмыстар нәтижесін айта өтті.
– Қазіргі таңда су айдындарында 14 мобильді топ пен 77 қызметкер күн сайын сағат 10:00-ден 21:00-ге дейін кезекшілік атқарады. Қабылданған профилактикалық шаралардың нәтижесінде 2026 жылғы шомылу маусымы басталғалы бері жазатайым оқиғалар саны өткен кезеңмен салыстырғанда азайды. Бұл жұмыстар шомылу маусымы аяқталғанға дейін үздіксіз жалғасады, – деді ол.
Рейд барысында жағажайға келушілер де өз пікірлерін білдірді. Олардың айтуынша, суға түсу кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтау – әр азаматтың міндеті. Тұрғындар мұндай профилактикалық шаралардың адамдарға қауіпсіздік ережелерін еске салып, қайғылы жағдайлардың алдын алуға ықпал ететінін, сонымен қатар қоқыс тастау секілді құқықбұзушылықтардың алдын алуға, полиция мен құтқарушылардың жұмысына ризашылықтарын жеткізді.
Полиция мен төтенше жағдайлар қызметі тұрғындарды су айдындарында қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға, өз өмірі мен жақындарының амандығына жауапкершілікпен қарауға шақырады.