«Қауіпсіз жол»: Атырауда 8 күнде 2800-ден астам құқық бұзушылық анықталды

«Қауіпсіз жол»: Атырауда 8 күнде 2800-ден астам құқық бұзушылық анықталды

Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында 11–19 шілде аралығында республика көлемінде «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Іс-шара аясында Атырау облысының полицейлері жол қозғалысына қатысушылардың тәртібін бақылауды күшейтіп, құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған кешенді профилактикалық жұмыстар жүргізді.

Іс-шараның сегіз күнінде өңір аумағында 2800-ден астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Сонымен қатар, 34 автокөліктің мемлекеттік тіркеу нөмірі шешіліп, 90-нан астам автокөлік арнаулы тұраққа қойылды. Жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзу деректеріне қатысты заңнама талаптарына сәйкес тиісті шаралар қабылданды.

Тіркелген құқық бұзушылықтардың басым бөлігін жолаушылар мен жүктерді тасымалдау қағидаларын, қауіпсіздік белдігін тағу және мотошлем пайдалану талаптарын сақтамау фактілері құрады. Бұл бағытта 1000-нан астам дерек анықталды. Сондай-ақ, техникалық регламент талаптарына сәйкес келмейтін көлік құралдарын басқарудың 501 фактісі тіркелді.

Атырау облысы полиция департаменті барлық жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Жолдағы тәртіп пен қауіпсіздік – әр азаматтың өмірі мен денсаулығының кепілі.