Мақат ауданындағы Байгетөбе ауылы соңғы жылдары қоғамдық тыныштығы сақталған елді мекендердің біріне айналды. Мыңнан астам тұрғыны бар ауылда соңғы үш жылда бірде-бір қылмыс тіркелмеген. Бұл – тұрғындардың бірлігімен қатар, учаскелік полиция инспекторы Тойғожа Азбергеновтің күнделікті атқарып жүрген қызметінің нәтижесі.
Ішкі істер органдарында 17 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан полиция майоры Тойғожа Азбергенов бүгінде Байгетөбе ауылына жауапты учаскелік полиция инспекторы. Ол ауыл тұрғындарымен тұрақты байланыста болып, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету бағытында қызмет атқарады. Тұрғындардың өтінішіне жедел ден қойып, ауылдағы жағдайды үнемі бақылауда ұстайды. Соның нәтижесінде Байгетөбе бүгінде қылмыс тіркелмеген ауылдардың қатарында.
Полиция майоры қылмыстың ізін суытпай ашуда да тәжірибелі маман. Соның бірі – Мақат кентіндегі мейрамханалардың біріне ұрлық жасамақ болған күдіктілер туралы хабарлама түскен сәт. Оқиға орнына жедел жеткен учаскелік инспектор күдіктілерді қолға түсіріп, оларды жедел-тергеу тобына тапсырды. Сондай-ақ қызмет барысында ол талай азаматқа дер кезінде көмек көрсеткен. Соның бірінде мал іздеуге шығып, қайта оралмаған 64 жастағы бақташыны әріптесімен бірге жедел іздестіру жұмыстары барысында тауып, алғашқы медициналық көмек көрсеткен. Азаматтың аман-есен табылуы полицейлердің жедел әрекетінің нәтижесі болды.
- Біздің басты міндетіміз – тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Қылмыстың ашылып, кінәлілердің жауапкершілікке тартылғанын, ал жәбірленушілердің әділдікке қол жеткізгенін көру – қызметіміздің ең үлкен нәтижесі. Халықтың сенімі мен алғысы бізге одан әрі жауапкершілікпен жұмыс істеуге күш береді, – дейді учаскелік полицей.
Бүгінде Атырау облысында 278 учаскелік полиция инспекторы қызмет атқарады. Солардың қатарындағы Тойғожа үшін ең бастысы – тұрғындардың қауіпсіздігі мен тыныштығын қамтамасыз ету. Байгетөбедегі тұрақты қоғамдық тәртіп – оның күнделікті еңбегі және полиция мен халық арасындағы өзара сенімнің нәтижесі.